Босанған соң корсет киген дұрыс па?

0
5 180

Денсаулық үшін де, болашақ үшін де саналы да сауатты таңдау жасау маңызды.


Босанған соң корсет киген дұрыс па?

Босанғаннан кейін сымбаты қыз күніндегі күйіне өздігінен қайта түсетіндер бар. Бірақ, табиғат бұл сыйын екінің біріне бере бермейді. Көпшілік аналарға мүсінмен мықтап алысуға тура келеді. Құрсақты қайта тарылтып, ішті жинау, белді жіңішкерту – үлкен күшті, қажыр мен еңбекті қажет етеді.

Диета, жаттығулардан бөлек, осы күресте көмектесетін құралдар да бар. Біреу емес, бірнешеу. Бірақ, олардың барлығы бірдей пайдалы және ешқандай қосымша зияны жоқ дей алмаймыз. Денсаулық үшін де, болашақ үшін де саналы да сауатты таңдау жасау маңызды.


Кеудетартпа


Көпшілікке етене таныс атауы – корсет. Белді қысып тұратын созылмалы жалпақ белбеу бүгінде кең қолданыста.

Корсеттің басты қасиеті – арқа сүйектеріне, омыртқаға тірек болып, олардың аурысынуына жол бермеу. Сонымен қатар, бел, мықын тұсын жинақы етіп тұрады. Салбыраған теріні, жиналған майды, созылған ішті сырт көзден жасырады. Өзі де киім астынан аса білінбейді.

Осындай артықшылығымен қоса, кемшін тұстары да жоқ емес. Корсетті киген соң тыныс алудың қиындағаны бірден сезіледі. Білінбейтін зияндары да бар. Ол жатырды қысып-жаншып, өз еркімен (табиғи түрде) жиырылуына жол бермейді. Қанайналымды баяулататыны тағы бар. Жалпы, жатырды ғана емес, ішкі органдардың бәрін қысып, олардың төмен түсуіне соқтыруы мүмкін. Асқазан-ішек жолына да қысым түсіретіндіктен, асқорытудың нашарлауы да ықтимал. Кеуде тұсының ауырсынуы, бас айналу – бұлар да көп ұзамай пайда болуы мүмкін белгілер.

Осындай зиянды тұстарын болдырмау үшін корсет аларда өлшемін, сапасын, материалын дұрыс таңдай білген маңызды.


Бенкунг


Бұл атау бәріне таныс деуге әлі ертерек. Өйткені, біздің нарыққа келгеніне көп болмады. Малайзиялық аналардың әдісін байқап көріп үлгергендер де бар.

Бенкунг – ұзындығы 10-15 метр, ені 20-30 см болып келетін ұзын мата кесіндісі. Табиғи материалдан дайындалады. Босанғаннан кейін ішкі ағзалар мен бұлшықетке тірек болу үшін бел-қарын тұсына орала байланады. Әркімнің дене пішіні әртүрлі. Осы тұрғыдан алғанда, тап сіздің сүйектеріңіздің жалпақтығы, жалпы дене үйлесімділігіне (пропорция) сайма-сай байланатыны – үлкен плюс. Сонымен қатар, ол жамбас тұсынан бастап жоғарыға қарай байланатынықтан, ішкі ағзаларды төмен түсірмей, керісінше әрқайсысын өз орнында ұстап тұрады.

Кемшілігі – корсет секілді дайын құрылым емес, сондықтан, оны дұрыс байлау үшін біраз уақыт үйрену керек. Оған қоса, бенкунгті күнделікті байлау және қайта шешу үшін тағы біршама уақыт жұмсауға тура келеді.


Ышқыры биік ішкиім


Аналар бел тұсына жалпақ резеңке орнатылған ішкиімді де жиі қолданып жатады. Олар іштің төменгі жағы, яғни, жатыр тұсы ғана томпайып тұрған жағдайда жақсы таңдау. Ал егер қарын терісі кеуде астына дейін толығымен созылған болса, мұндай ішкиіммен ішті тартып ұстау мүмкін дегенге сену қиын. Әрі оның әсері де уақытша. Киіп жүргенде ғана жиырады, шешкенде тері қайта бұрынғы қалпына келеді.

Аталған құралдарды қолдану сыртқы сұлулық үшін ғана емес, денсаулық үшін де керек. Саралап-сараптау ақпараты бізден болды, дұрыс таңдау жасау өзіңізден болсын.

Дайындаған: Ару Мұхамеджан,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Сұлулығыңызды сақтайтын КОСМЕТИКАЛЫҚ МҰЗДЫҢ 6 түрі