Сенбесеңіз, жасап көріңіз!
Бет терісіне күтім жасауды, аптасына бір рет маска жасап, күнделікті нәрлендіргіш, ылғалдандырғыш крем жағып үдесінен шыға алатын қыз-келіншектерді көп деп айта аламыз ба? Ойландыратын сұрақ.
Кейде әрбір әйелдің жеке мінез-құлқына байланысты (еріншектік, ұмытып кету, жұмысының көптігі), кейде бет күтімі үшін қымбат косметикалық құралдарды сатып алуға қалтаның көтермеуі де бөгет болып жатады.
«Ақшам болғанда сатып аламын» десеңіз, уақытты жоғалтасыз, әйтсе де өз ықтиярыңыз өзіңізде. Десек те мәселенің жеңілірек шешімі де бар. Ас үйге кіріп, өзіңізді бір сынап көріңізші?!
Онсыз да күні бойы ас үйге бір рет бас сұқпауыңыз мүмкін емес, сондықтан, ас үйге кіргенде қазанның құлағынан ұстамас бұрын, бетіңізге де азық беретін «тағамды» дайындап қоюға әдеттеніңіз.
Сұлы (овсянка)+ СУ
«Бетіңіздің терісі майлы болса ерте қартаймайды» делінсе де, оған да арнайы күтім керек.
Бұл маска майлы теріге таптырмас амал. Өте қарапайым, арзан әрі тиімді.
Ол үшін 3 ас қасық сұлы жармасын жарты стакан қайнаған, бірақ жылы күйдегі сумен араластырып, ботқа қалпына жеткізіңіз.
Маска осымен дайын. Тазартылған бетіңізге жағып, 15 минут ұстаңыз. Содан кейін жылы сумен жуып тастаңыз.
Масканы жуып тастағаннан кейін саусақ ұшымен бетіңізді жеңіл ғана уқаласаңыз, қан айналымы жақсарып, бетіңізге қызыл шырай жүгіреді.
БАНАН мен БАЛ
Күн райы салқындап келе жатыр. Сондықтан, бетіңіздің құрғақтығынан сақтанып, күтіміңізді күшейте түсуіңіз керек.
Аптасына 1 рет жарты бананды езіп, 1 шай қасық балмен араластырып маска жасаңыз. Осы масканы бетіңізге жағып, кемінде 15 минут жүрсеңіз, бетіңіздің құлпырып шыға келетініне күмәніңіз болмасын.
Бір рет жасалған маскадан осындай әсер алсаңыз, 1 айда қаншалықты нәтижеге жететініңізді елестете беріңіз.
Теріңіздің тонусы артып, әжімдеріңіздің ізі де қалмайды. Сынап көріңіз, көз жеткізіңіз!
Ас содасы мен СУ
Күні бойы бетіңізге әртүрлі шаң-тозаңдар, бактерия мен микроптар қонады. Көзге көрінбейтін ұсақ бактерияларды тазалау үшін жай ғана жылы сумен жуыну жеткіліксіз. Ең сапалы макияж тазартушы сұйықтықтың өзі де терінің ұсақ тесіктеріне «орналасып» алған бактерияларға «тісі батпауы» мүмкін.
Сондықтан, теріңіз тап-таза әрі күзгі суықта жарылып кетудің алдын алғыңыз келсе, аптасына бір рет содамен тазартып тұрыңыз.
Ол үшін 1 шай қасық ас содасын 100 гр ыстық суға ерітіп, осы ерітіндіге мақтаны батырып, бетіңізді сүртіп алыңыз. Теріңіз аздап ашуы да мүмкін.
10 минуттан соң бетіңізге жағылған соданың қалдықтарын таза, жылы сумен жуып тастаңыз.
АЙРАН мен КӨКӨНІСтер
Аптасына 2 рет жарты пиала айранға кез келген қолыңызда бар көкөністі ұсақтап турап, араластырып жіберіңіз.
Бұл маска бет терісін нәрлендіріп, құрғап кетуінің алдын алады.
ЕСКЕРТУ: Бұл маскалар қаншалықты табиғи өнімдерден алынса да, тексеруден өткізіп алғаныңыз дұрыс. Өйткені, әр адамның терісі, ағзасы әртүрлі болғандықтан, кейбіреуге кері әсерін тигізуі де мүмкін.
Қандай масканы дайындасаңыз да алдымен қол терісіне жағып, сынамадан өткізіп алыңыз. Егер ешқандай қызару, қышу білінбесе зияны жоқ деген сөз.
5 минуттың ішінде ешқандай кері реакция білінбесе, қорықпай дайындаған маскаңызды бет терісіне қолдана беруіңізге болады.
Дайындаған: Г.Жұмаділдаева,
Тағы да оқыңыз:
ТЫРНАҒЫҢЫЗ әдемі болсын десеңіз, МЫНА тәсілдерді қолданыңыз
КІРПІК «сынып», жұқарып жатыр ма? Қалпына келтіруге 5-10 минут жетеді