ЖАС әрі СҰЛУ көрінудің 6 ЕРЕЖЕСІ

0
1 437

Біздің бетімізде адамды үлкейтіп көрсететін 3 сызық бар.


ЖАС әрі СҰЛУ көрінудің 6 ЕРЕЖЕСІ

фото: ru.pinterest.com

Жас деген тек сандар ғана. Адам өзін қаншалықты жақсы сезінеді, қанша жастағыдай сезінеді сол маңызды. Психологтар осы туралы айтудан шаршамайды. Ал, косметологтар әйелдерге сұлулықты, жастықты сақтау жөніндегі әдістерімен бөліседі.

Сондықтан, психологтардың айтуы бойынша өзімізді барынша жас сезініп, косметологтардың кеңесімен жастықты ұзартуды қолданайық.


Күнделікті жасалынатын әрекет

1.Таңертең және кешқұрым бет пен мойын терісін тазалауды әдетке айналдырыңыз. Таза тері жастықтың, сұлулықтың көрінісі екенін ұмытпаңыз. Қаншалықты үйге кеш келсеңіз де, қатты шаршап тұрсаңыз да жастығыңызды құшақтап төсекке құлай кетпей, беті-қолыңызды тазартып жууға 5 минутыңызды қия алатын шығарсыз? Күнделікті осы тәсілді дағдыға айналдырсаңыз, көптеген жылдар бойы теріңіз серпімді, әжім де кеш түсетін болады.

2.Бетіңіз бен мойныңызға әжім түспес үшін үнемі массаж жасап тұру керек. Бетіңізге алдымен сарысу (сыворотка) немесе крем жағып алыңыз да жеңіл қимылмен массаж жасаңыз. Қолымен жасауға ерінетіндер үшін арнайы массажер косметикалық дүкенде сатылады. Қалай жасау керектігін ғаламтордан, косметологтардың нұсқауымен көріп алсаңыз болады.

3.SPF кремін жыл он екі ай, төрт мезгіл бойы үзбеу керек. Өйткені, күн төрт мезгілде де ультракүлгін сәулесін бөледі. Ал теріге ультракүлгін сәулесінің қаншалықты зиян екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Құрамында SPF өнімдері терідегі коллаген және гиалурон қышқылының қызметін жақсартып, терінің балғындығын ұзақ уақыт бойы сақтауға көмектеседі.

4.Нәрлендіру-ылғалдандыру. Теріні міндетті түрде ылғалдандырып, нәрлендіріп тұру керек. Кометикалық өнімдермен шектелместен, табиғи өнімдермен де теріні нәрлендіруге тырысыңыз. Күн сайын кемінде 1-1,5 литр таза су ішіп, дәруменді, жеміс-жидектерді көбірек тұтынып, таза ауада көбірек жүруге тырысыңыз.

5.Тағы да маңызды жағдай, терінің саулығын, мінсіздігін көремін деген адам толыққанды ұйқы нормасын орындауы керек. Ұйқының күнделікті нормасы 7-8 сағаттық тыныш ұйқы.


фото:klike.net


№1 ереже

Адамды жасартып көрсететін ережелермен таныс болыңыз. Қазіргі кезде техника дамып, адамдардың жұмысы онымен тығыз байланысты болған шақта көздің көруі нашарлауын да мәселе ретінде қарастырамыз. Көздің бұлдырауы көрудің нашарлауының белгісі, бірақ кейбіреулер көзін жартылай қысып айналасындағы заттарға қараса біршама көрудің жақсарғанын байқайды. Сондықтан, автоматты түрде, өзі де байқамай ылғи да көзді сығырайтып жүруді әдетке айналдыра бастайды. Ал бұл әдет өз кезегінде теріге зиянын тигізеді. Әлбетте көз айналасына әжімдер түсе бастайды. Көз айналасындағы әжімдерге арналған кремдерді қолданғаныңызбен, қайта-қайта сығырайып жүргендіктен, крем сізге пайдасын бермейді. Керісінше, әжімдерді одан сайын тереңдетіп жібересіз.

Жас көрінуді мақсат етіп қойсаңыз, осы мәселеге де бей-жай қарамастан, көз дәрігеріне қаралып, емделіңіз.


№2 ереже

SPF крем секілді 4 мезгіл бойы күннен қорғайтын көзілдірік тағыңыз. Көзілдіріктің көлемі үлкен, көзді ғана емес, көздің айналасындағы 1-2 см теріні жауып тұратындай болғаны жақсы. Өйткені, кө айналасындағы терінің өте нәзік, жұқа келетінін ескеріңіздер. Сыртқы факторлардың әсеріне тез ұшырап, оған төтеп бере алмайтын болғандықтан, көз айналасындағы тері серпімділігін жоғалтып, әжімдер пайда бола бастайды.


№3 ереже

Енді макияж үлгісіне тоқталайық. Көзіңізді «смоки айс» макияжымен қапқара немесе қанық сұр, қою көк секілді жабық түстермен боясаңыз, соншалықты үлкен көрінесіз. Бұндай макияжды ерекше көзге түсуді талап ететін кештерге немесе тойға жасап барсаңыз болады. Ал күндіз, күнделікті жеңіл макияж үшін «нюд» түстегі қарындаш, тень адамның жүзін жұмсартып, жас көрсетеді.

Ашық қызыл, қошқыл қоңырлау далаппен ерніңізді боясаңыз да жасыңыздға жас қосыла түседі. Оның үстіне адамның жасы ұлғайған сайын еріннің де сұры кетіп, еті қашып, әжімдер пайда бола бастайды ғой. Сондықтан, мұндай еріндерге тым ашық (яркий) немесе тым қоңырқай қою түстерді қолдансаңыз, ерніңіз сынған әйнектей көрінеді. Ал бұл көрініс әлбетте сырт көзге сүйкімді көрінбейтіні анық.

Жасыңыз келген сайын білінер-білінбес, жұмсақ тондағы түстерге басымдық беріңіз. Ерніңізге түссіз далапты да жағып қажеті жоқ, мұндай далап өңіңізді қуартып, сырқат адамның кейпін көрсетуі мүмкін.


№4 ереже

Қанттан бас тартыңыз. Адамның жасы ұлғайған сайын тері серпімділігін жоғалтып, тері салбырай бастайтыны рас. Бетіңіз де төмен қарай салбырап, бет бұлшықеттерінің «жұмыс істемеуінің» бір себебі қант. Шекерді шегінен асырып пайдалану птоз (үстіңгі қабақтың бұлшықетінің қызметі әлсіреп, соның әсерінен тері төмен түсіп, қабақтың көзді жауып тұруы) дертіне алып келеді.

Әлбетте мұндай көзге макияж жасағаныңызбен, бұрынғыдай көрікті көрінбейді. Егер шекерден бас тартып, тым болмаса қолдануды азайтсаңыз, беттегі ісіктер азая бастайды.


№5 ереже

Көптеген қыз-келіншектер жас мөлшерін жасыру үшін бетіне бар күтімін арнайды. Бірақ адамның жасын білдіретін «визиттік карточкалардың» қатарына мойын, қол, шынтақ, тізенің терілері де кіретінін ұмытпау керек. Сондықтан, бұл дене бөліктеріне массаж, скраб секілді косметикалық өнімдермен арнайы күтім жасауды ұмытпаңыз.


№6 ереже

Біздің бетімізде адамды үлкейтіп көрсететін үш сызық бар. Бұл - көздің ішкі бұрышындағы сызық, екінші – мұрынның желбезегінен еріннің бұрыштарына дейін, үшіншісі – еріннің бұрышынан иекке дейінгі сызықтар. Айнаға қарағанда осы үш сызыққа мұқият мән беріп қараңыз. Жас ұлғайған сайын осы үш сызықтағы терінің серпімділігі жоғалып, адамның жасына жас қосылып келе жатқанынан хабар береді.

Ал макияж жасаған кезде бетттегі бұл сызықтарды жасыруға консилер көмектеседі.

Консилерді осы аталған үш сызыққа сүйкеңіз де, жұмсақ қылшықты (кисточка) тегістеп қойыңыз. Жүзіңіз сол мезетте жасара түскенін байқайсыз.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Оқи отырыңыз:


50 жаста 30-дағыдай көрінгіңіз келе ме?

КҮНге дұрыс күюдің ЕРЕЖЕЛЕРІ