«АБАЙЛА», «БАЙҚА» деп балаға көп айту – қауіпті

0
779

Ата-ананың қалауы - баланы әр нәрсеге үрке қарап, бәрінен секем алып жүретін, бойында қорқыныш басым етіп өсіру ме?


«АБАЙЛА», «БАЙҚА» деп балаға көп айту – қауіпті

Балаға «абайла, құлайсың», «байқа, күйіп қалма», «жолдан байқап өт» сынды сөздерді айту арқылы мыналарды үйретуге тырысамыз:

  • мәселелерді өздігінен шешуді
  • өз қауіпсіздігіне қамқорлық жасауды
  • тәуелсіз болуды

Бірақ, нәтижесінде біз кері әсер аламыз.


Бала психологтары мұндай фразаларды айтуды шектеу керек деген пікірде. Олардың көмегімен өзіміз ойлағандай қауіпті алдын ала сезіндіре алмаймыз. Керісінше, нағыз қауіп осы сөздерден келеді дейді мамандар. Мұндай фразалар «Әлем қауіпсіз емес. Айналадағы кез келген нәрсе (адам) қауіп төндіреді» деген сигналды береді. Жас өскіннің санасында осындай қағида қалыптасады. Егер бала үнемі осы сөздерді естіп өссе, ол әлемге деген сенімін жоғалтады. Бәрінен қорқа бастайды. Үнемі аяқ астынан қауіп-қатер күтіп, күйзелісте жүреді.

Балаға сақтықты үйретуде ата-ананың шын мәнінде қалайтыны осы ма? Әр нәрсеге үрке қарап, бәрінен секем алып жүргенін күте ме? Айналасына қорқынышпен қарап, кез келген сәттен қауіпті күтіп жүретін етіп өсіргісі келе ме? Әрине, жоқ. Біз балаларымыздың әлемді танып, жаңа нәрселерді үйреніп, балалық шағын қуанышпен, тұтас өмірін бақытпен өткізгенін қалаймыз. Қорқыныш кімге де болмасын дамуына және қоршаған ортамен танысуына, араласуына кедергі келтіреді.


Ата-ана балаға қорқуды емес, батыл болуды, тәуекел жасауды үйретуі керек. Зардабы болуы мүмкін тәуекелдер туралы айтып тұрған жоқпыз. Өзінің және өзгенің өміріне, денсаулығына, біреудің мүлкіне зиян келтірмейтін жағдайлар жайлы.


Тәуекелге барған адам қателесуге іштей дайын болады. Қателік құнды тәжірибеге айналады. Баланы айналадағы барлық нәрседен алдын-ала сақтандыру арқылы оны батылдығынан, сабақ алатын, тәжірибе жинайтын мүмкіндіктерден айырамыз.

Жеткіншекті жеке бас қауіпсіздігі жайлы ойлауға басқаша үйрету қажет. Өзіне қамқор болуды, өміріне, саулығына сақтықпен қарауды саналы түрде таңдайтындай етіп тәрбиелеңіз. Бала қауіпсіздігінің басты кепілі осы ғана.

Бұл үшін бойында қауіптерді анықтау қабілетін дамыту қажет. Визуалды түрде, нақты мысалдармен және мүмкін болғанынша тәжірибе жүзінде.


Қауіп-қатерді анықтау қабілетін дамытуға ең қолайлы орта – өз үйіңіз және балалар ойын алаңы. Бұл жерлерде «абайла, байқа, сақ бол» деген сөздерді мүлде айтпау – әбден мүмкін нәрсе. Оның орнына ойландыратын сұрақтар қойыңыз:

  • Қалай ойлайсың, бұл қауіпті емес пе?
  • Өзіңді қауіпсіз сезініп тұрсың ба?
  • Мына жер тереңірек сияқты, саған қалай көрініп тұр?
  • Балалар әткеншек теуіп жатқанда жақын баруға бола ма?
  • Жол тайғақ екен, жай жүргеніміз дұрыс па, жылдам ба?
  • Құрылысшылар неге басына каска киеді?
  • Суға батып кетпеу үшін не керек?
  • Бұл ыстық екен, қолың күйіп қалмай ма?
  • Мұны ұстасаң не болады?
  • Сырғанағанда құламау үшін қалай отыру керек екен?

Осы сияқты сұрақтарды балаға қойып, жауабын тыңдаңыз. Қандай нәрселер мен жағдайлардың қауіпті болуы мүмкін екенін, сақтық үшін не істеу керегін өзі ойланып табуға тиіс. Қате айтып жатқан жері болса, «олай емес, былай» деп қысқа қайырмай, түсіндіре отырып түзеу керек.

Балаға үнемі «Көмегім керек боп жатса, шақыр. Жақын маңда боламын» деп жанында болатыныңызды ескертуді ұмытпаңыз. Бұл сіздің қолдауыңызды сезінуіне көмектеседі. Бірақ, шақырған сайын болар-болмасқа жүгіріп бармай, алдымен қандай көмек сұрап тұрғанын біліңіз. Шын мәнінде баланың шамасы жетпейтін нәрсе болса, жәрдем беріңіз. Ал болмашы нәрсе болса «Саған менің көмегім керек емес. Бұл өзіңнің де қолыңнан келеді» деп, мәселені өзіне қалдырыңыз.


«Абайла», «байқа», «сақ бол» сынды сөздерді сирек айтқан абзал. Шын мәнінде қауіпті жағдайларда ғана. Бала бұл тіркестерді өте жиі естісе, елең қылмайтын болады. Салдарынан шын қауіпті жағдайларда сақтықты ұмытады.

Дайындаған; А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Квадробер қаупі: Балаларды қалай қорғау керек