​Балаңыздың ортасы "нашар" болса...

0
1 846

«Нашар достардың» ықпалы балаға әр жаста әртүрлі әсер етеді.


​Балаңыздың ортасы

Әрбір ата-ана баласының қасынан тәрбиелі, ақылды дос балалар көргісі келеді. Алайда әр бала өсе келе өз жолын таңдай бастайды және ол жолда бар баланың қасынан жақсы дос табыла бермейді. Балалар неге нашар ортаны таңдайды және оны сол ортадан қалай шығарып алуға болады? Мамандардың кеңесін қажетіңізге жаратып көріңіз.


Баланың достарының нашар екенін қалай аңғаруға болады?

  • Достарымен қарым қатынас сабағына айтарлықтай әсерін тигізеді. Олармен кездесуі жиілеп, сабақтан қашып немесе оқуға құлықсыздық танытады.
  • Баланың іс-әрекеті түбегейлі өзгереді. Олтұйық немесе ызақор, ашушаң болып жүреді. Телефонындағы жазбаларды көрсетпеуге тырысады.
  • Бала мен ата-ананың арасындағы қарым-қатынас «соғысқа» ұқсайды. Ата-ананың ескертпелерін ескермейді немесе сөз қайтарып, бар әрекеті ерегіске ұласады. Достарын бірінші орынға қойып, отбасына қарағанда солардың сөзі мен өзі маңызды бола бастайды.
  • Мінезі үлкен өзгеріске ұшырайды.
  • Жаңа қылық, әдет пайда болады. Балаға болмайтын (темекі, спиртті ішімдік тағы басқа) зиянды нәрселерге үйір бола бастайды.
  • Бала қандай да бір қауіпті ойындар ойнайды.

Маңызды! «Нашар достардың» ықпалы балаға әр жаста әртүрлі әсер етеді.


Нашар достармен араласудың түрлі жастағы белгілері:

1-5 жас аралығы

Бұл жаста балалар бір-бірінің сөзі мен ісін, жақсысын да, жаманын да толықтай қайталауға тырысады. Олардың арасында дос деген түсінік болмайды. Мұндай кішкентай жаста балалардың бір-бірінің ісін қайталауы қалыпты жағдай.


5-7 жас аралығы

Бұл жастағы балалар тек өзіне түсінікті бір белгі бойынша дос іздейді. Көбіне бұзық, тынышсыз балалар момын баланы, ал ұялшақ қыздар, пысық, ашық, көп сөйлейтін дос қыз іздейді. Мұндай достықпен бала өзіндегі әлсіз тұсты толықтырғысы келеді. Бұл жаста баланың дос таңдауына әсер ете алмайсыз. Бірақ балаңыздың достықта басшы әлде қосшы екенін және ықпалға тез берілетін немесе берілмейтінін бақылай аласыз. Соған қарай тұжырым шығарып, әрекет жасайсыз.


8-11 жас аралығы

Бұл жаста балалардың бір-бірінің ісін қайталауы қайта басталады. Бірақ кішкентай кездегідей жақсы, әдемі көріністе емес. Өзі беделді деп санайтын жанның бар іс-әрекетін толық қайталауға тырысады. Бала бар нәрсені сорғыш секілді жылдам тартады. Сондықтан дәл осы жаста баланы дұрыс жолға бағыттайтын, өте мұқият болатын уақыт. Балаңыз өзгені емес, керісінше басқалар сіздің балаңызға ұқсағысы, үлгі алғыы келетіндей жолға бағыттаңыз.


12-15 жас аралығы

Бала жасөспірім болды. Нашар ортаның баланы айналып өтуі тікелей ата-анаға байланысты. Егер осы жасқа дейін баламен ашық, сенімді қарым-қатынас құрып үлгерсеңіз, онда баланы дұрыс бағытқа салу қиындыққа түспейді. Ал қарым-қатынас жақсы болмаса, жылдам түзетуге тырысыңыз.


Неге баланы нашар орта тартып тұрады?

  • Беделді адам іздейді. Бала түсінігінде беделді адам – өз дегенін айналасына қалай болса да істете алатын жан. Яғни өзін өзгелерді қорқытып болса да сыйлатып, сөзін өткізе біледі. Бала сол беделді адамға ұқсағысы келеді және соның айтқанын істейді. Мұндайға көбіне ерке, ата-анасының қадағалауынсыз өскен балалар тап болады екен.
  • Бала ата-ананың шектен тыс қадағалауынан немесе қамқорлығынан құтылу үшін осындай қадамға баруы мүмкін.
  • Бала бұзық болуды мықты, батылдық деп санайды. Өзгелердің назарында болғысы келеді.
  • Отбасындағы жандармен түсінісе алмайды. Сондықтан көшедегі өзге жандармен араласқанды дұрыс көреді.
  • Бала ата-анасына ерегісіп, әдейі нашар ортаға қосылады.
  • Бұзық балалармен араласып, ата-анасының назарын аудартқысы келеді.
  • Бала өзіне сенімсіз. Ол «жоқ» деген сөзді айта алмайды. Яғни ортаға амалсыздан қосылып кетеді.
  • Баланың нашар ортаға қосылып кетуіне ата-ананың үлесі көп. Ата-ана баланың ойымен, сезімімен, қалауымен санаспауы немесе тым қаталдық танытуы мүмкін.


Ата-анаға кеңес

Егер балаңыз нашар ортаға түссе, бұзық балалармен достасып жүрсе мына кеңестерді ескеріп көріңіз.

  • Балаға өзіңіз қалаған нәрсені жасатуға тырыспаңыз. Жағдайды балаға білдіртпей түзетуге әрекет жасаңыз.
  • Баланы үйге қамап, телефонын алып қойып, интернетті өшіріп тастаумен жағдайды мүлде қиындатасыз.
  • Баланы әрбір қателігі үшін жазғыра бермеңіз. Оның қателігі сіздің кінәңіз. Сіз уақтылы көңіл бөліп қарай алмадыңыз.
  • Ешуақытта айқайлап ұрсып, қорқытпаңыз. Оның орнына баланы тартатын қызықты нәрселер ойлап табыңыз немесе балаға жақсы әсер ете алатын жанмен кездестіріңіз.
  • Балаға кіммен дос болу керек екенін көрсетпеңіз. Егер достары ұнамаса, жақсы дос таба алатын жерге апарыңыз. Жақсы мен жаманды үйретіңіз.


Нашар орта – бұл тек салдар екенін ұмытпаңыз. Сондықтан баланың достары нашар болса, онда оның салдарымен күресуден бұрын себебін анықтап алыңыз. Ең дұрысы сол себепті мейлінше болдырмау. Балаға көп көңіл бөле білу – бақытты өмірдің кілті іспеттес.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.