​Қандай әңгімені ДАСТАРХАН БАСЫНДА айтуға болмайды?

0
262

Жеген асыңыз адалынан айнымайды, көрсеткен үлгіңіз де әдемі


​Қандай әңгімені ДАСТАРХАН БАСЫНДА айтуға болмайды?

Әдеп пен мәдениет сабағында «Үстел басында, тамақтанып отырғанда сөйлеуге болмайды» деп үйретті. Алайда, қазіргі уақытта көп мәселе үстел басында шешілетіні ақиқат. Кәсіпкерлер жобаның жоспарын құру, келіссөз жүргізу сынды іскерлік отырыстарды мейрамханада өткізеді. Болашақ құдалар тәтті шай, жаңа құдалар құдалық өткізу үшін кафе-ресторанға ас та төк дастархан жайып, ас үстінде танысып-білісіп жатады. Айта берсең, көп. Ең ақыры, бір отбасы мүшелерінің өзі бірі жұмыспен, бірі оқумен жан-жаққа шапқылап жүріп, тек таңғы не кешкі аста бір дастарханда бас қосқаны болмаса, басқа кезде сөйлесуге мұршасы жоқ. Ендеше, үстел басында қалай сөйлемеске?


Керісінше, қазір тамақтанып отырып әңгіме-дүкен құру қарым-қатынас құрудың, оны жақсартудың, адамдарды жақындастырудың жалғыз жолы секілді. Әсіресе, отбасылық, туыстық қатынастағылар үшін.

Бірге тамақтану араңызды алшақтатпай, жақындастыра түссін десеңіз, отбасылық жиын кезінде үстел басында мынадай нәрселерді айтпау керек.


  1. «Мен жеп көрген ең дәмді тамақ ... болған»

Алдыңыздағы ас-тағамның бәрін өзіңіз дайындаған болсаңыз, бұрын-соңды жеген, дәмі аузыңыздан кетпейтін басқа тамақты тамсана еске алуға болар. Ал бүгінгі дастарханның аспазы басқа кісі болса, мұндай сөзбен оның көңіліне қатты тиюіңіз мүмкін. Себебі, алдыңыздағы асты пісірген адамның көзінше бұрынғы тағамды мақтау «Ол өте дәмді еді, ал сенің пісіргенің онша емес» дегендей естіледі.


2. «Өйтуің керек еді...»

Отбасылық дастарханда «міндетті едің» дегенді меңзейтін «Өйтуің керек еді... Бүйтпеуің керек еді...» деген сынды сөздерді қолданудан сақ болыңыз. Бұл бірден айыптау болып сезіледі әрі ашу, реніш тудырады. Теріс әсерге жол бермеу жақыныңызға ақыл-кеңес айтқанда «Осылай жасағанда жақсы болар ма еді, қалай ойлайсың?» деген сияқты сипатта жұмсартып жеткізген жөн. Бұл жеке басын тұлға ретінде құрметтейтініңізді, ойымен санасатыныңызды білдіреді.


3. «Сен сондай ... болып тұрсың!»

Егер бос орында мақтау, көңілге жағатын жақсы сөз тұрса, еш айыбы жоқ. Ал жағымсыз, көңілге тиетін, сынап-мінеуді білдіретін сөз болса, тіліңізді тістеп қалыңыз. Әдетте әңгімені бірден артық салмақтан, киім киісінен, рең басынан бастайтынымыз бар ғой. Қандай жақын адамыңыз болса да, ешкімнің сырт келбетіне, жеке бас қасиетіне, көзқарас, басқа да сипатына қатысты сын-мін айтуға қақыңыз жоқ. Егер өзі сұрамаса, әрине. Біреудің сырт келбеті, көрінісі туралы басқалардың алдында айту ыңғайсыздық тудыратыны сөзсіз. Екі адамды салыстырып, бірін мақтап, екіншісін түсіруге тіптен болмайды.


4. «Өстіп жүре бересің бе?»

Бұл сұрақ көп жағдайда үйленбеген, тұрмыс құрмаған жастарға, бір істі бастай алмай жүргендерге, жетістігімен қуанта алмай жатқандарға бағытталады. Айтушы «Мұны жанашырлықпен жеткізіп тұрмын, оны асықтыруым керек, ащы сөзбен қамшылап, ынталандырамын» деп ойлауы мүмкін. Бірақ, өзгелердің алдында абыройын төмендетіп, еңсесін түсіретіні анық.


5. «Оған дейін бармыз ба, жоқпыз ба...»

«Заман не боп барады?», «Ертең не боларын кім білсін», «Оған дейін бармыз ба, жоқпыз ба» деген сынды пессимистік ойларға отбасылық дастарханда орын болмауға тиіс. Жаһандық проблемаларды, жаман жаңалықты, мәселелер мен қиындықтарды, уайым-қайғыны талқылауды басқа уақытқа қалдырыңыз. Ас үстінде, ұл-қыз, немере-шөберенің алдында тек жақсы нәрселер айтуға тырысыңыз. Бойыңызға ас-сумен бірге негатив емес, позитивті ойлар барсын.


6. «Баяғыда, есіңде ма...»

Отбасы, жақындар жиналып өткен-кеткенді еске түсіріп тұру, жас балаларға айтып беру – өте жақсы дәстүр. Тек еске түскеннің бәрін тізбектемей, не айтатыныңызды іріктеу маңызды. Көңілді, бағалы, ой салатын, сабақ боларлық оқиғалар болса, мархаббат, баяндаңыз. Ал біреудің шалыс басқан қадамын, ұятқа қалған сәттерін, кейін өкінішпен еске алатын жағдайларын қайта жаңғыртуға, оны басқаларға айтып әшкерелеуге мүлде жол берілмеуі керек. Бұл сол жайсыз жағдайдың кезіндегі ауыр сезімдерді қайта сезіндіреді. Онымен қоймай, дәл қазір қасындағы адамдардың алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырып, жағымсыз эмоциялардың тағы біраз порциясын жұтуға мәжбүрлейді.


7. Саясат туралы ойлар, пікірталас

Әрине, әрбір ересек, саналы тұлғаның айналада, әлемде болып жатқан жағдайларға өз көзқарасы болуға тиіс. Бірақ дастархан басы – саясат туралы сөз қозғау, талқылау, пікірталасу алаңы емес. Мұнда мейлінше жақсы, жағымды әңгімелер айтылуы керек.


8. «... жайлы естідіңдер ме?»

Дастархан басындағы жайдарлы әңгіме жаймен өсек-аяңға ауып бара жатса, дереу тоқтатып, басқа арнаға бұрған абзал. Жеген асыңыз да адалынан айнымайды, көрсеткен үлгі-өнегеңіз де әдемі өрнекпен көмкеріледі.

Аударған: А. Бектұрғанова,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ҒАЛАМТОР отбасылық қатынасқа ҮЛКЕН ҚАУІП төндіріп тұр