Сәтсіздікті де... ЖЕҢІС сияқты атап өт!

0
431


Сәтсіздікті де... ЖЕҢІС сияқты атап өт!

Жолыңыз болмай, қалауыңыз орындалмай, жеңіске жетпей, сәтсіздікке ұрындыңыз ба? Ештеңе етпейді, ондай бәрінде болады. Әр сәтсіздік – жетістікке апаратын баспалдақ. Тек оны дұрыс қолдана білсең ғана.

Әдетте сәтсіздікке ұрынғанда ұнжырғамыз түсіп, көңілсіз боламыз. Кей нәрсеге өкінеміз, енді біріне ашуланамыз. Өзімізді жазғырамыз. Мұның бәрі бекер. Сәтсіздік пен жеңілісті дәл жеңісі сияқты қарсы алатындар одан әлдеқайда көбірек пайда табады. Біз де өз сәтсіздіктерімізді қабылдауды, тіпті оларды қуанышты жағдайлар секілді атап өтуді үйренуіміз керек. Өйткені, ол бізге мынадай пайда береді.


Ашық болуға үйретеді және қатынастарды нығайтады
Сәтсіздіктерді айналаңдағы адамдармен бөліскенде, біздің ашықтығымыз оларды да жауап ретінде барынша ашық болуға ынталандырады. Сонымен қатар, бұл ұялу, өзін кінәлі, төмен сезінуден арылуға көмектеседі. Әрі адамдардың арасында сенім мен қолдауға құрылған нық қатынас орнатады.


Тұлғалық өсуге ықпал етеді
Сәтсіздік, жеңіліс болмаса, өзіміздің дамыту керек тұстарымызды, қателерімізді көрмейміз. Көбірек күш салу керек жерлерді байқамаймыз. Және мақсатқа жету жолында қателіктер арқылы алынған сабақтарды қолдана алмаймыз.


Тәуекелге бару қабілетін дамытады
Сәтсіздікке неғұрлым жиі тап келсек, соғұрлым оларға төзімділік артады. Сонымен қатар, қателесуден қорықпайтын адамдар тәуекелге бас тігуден де тайсалмайды.


Эмоциялық тұрақтылыққа үйретеді

Сәтсіздіктер бізге қиын кезеңдерде өзімізді қолға алуды, дұрыс ұстауды үйретеді. Өзіңді кінәлау, ұялу сияқты қажетсіз сезімдерден арылуға, есесіне өзіңді қайрау, жігерлендіру, сынды құнды қабілеттерді шыңдауға жетелейді.


Қалай атап өту керек?

Оның қатып қалған қағидасы жоқ. Бар болғаны – өзіңізге не нәрсе қуаныш сыйлайды, жүйкеңізді тыныштандырады, жаныңызға жағады – соны жасаңыз. Сауық кешінде ән салып, билеп қайтқыңыз келе ме? Барыңыз. Жеңілістің ащы дәмін тәтті тамақпен басқыңыз келсе, мейрамханаға жол тартыңыз. Жақыныңызға бәрін ақтарыла айтып, жылап алғыңыз келсе, сөйтіңіз. Бұл да атап өтудің бір үлгісі.

Сондай-ақ эмоцияларыңызға құрмет көрсетіп, өзіңізге сәтсіздіктің әкелетін қайғысын сезінуге рұқсат бере аласыз. Бұл да тыныштануға көмектеседі.

Тағы бір идея – жаңа әдет бастау. Әр жексенбіде өткен аптаңызды бағамдап, болған жағдайлардан бір сабақ, түйген ойыңызды жазып отыру. Бұл практика миыңызды қателіктерді белсенді түрде іздеуге және олардан қорықпауға үйретеді.

Сәтсіздіктерді атап өтсеңіз, олар сізді қудалайды деп алаңдамаңыз. Егер қазір сізді жұмыстан шығарып жібергенін атап өтсеңіз, келесі жұмыс орныңызда еркіңізден тыс шығарады дегенді білдірмейді. Бірақ сіз сонда да оған толықтай дайын боласыз. Маңыздысы – сіздің ниетіңіз. Неліктен сәтсіздікке ұшырағаныңызды, қай ресурстар мен дағдылар жетіспегенін және келесі жолы не істеуге болатынын ойлаңыз.

Аударған: А. БЕКТҰРҒАНОВА,

ERNUR.KZ