"Мектептегі сабақты бұйырта гөр, Жаратқан!"деп әндетті ол.
Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты 6 сәуірден бастап оқушылар қашықтан оқи бастағаны белгілі. Мектеп қабырғасынан алыста, өз үйлерінде интернет арқылы білім алып жатқан балалардың қызықтары мен ата-аналардың "шыжықтары" жөнінде вайндар мен басқа да видеолар түсіріліп, таралып та жатыр.
Кешеден бері әлеуметтік желі арқылы қарқынмен тарап жатқан мына оқушының әні көпшілікті тәнті еткен тәрізді.
Тамаша дауыспен әндеткен бала онлайн-сабақтан шаршағанын, ұстаздарының қадірін түсінгенін және карантин біткен соң мектептен шықпайтынын әнге арқау етіпті. Тіпті, мектептегі сабақты бұйыртуын да тілеген. Сонымен қатар, сабақтан қашқан кездерін де еске алған. Сыныптастарын сағынғанын айтып, сабыр сақтауды да ұмытпапты.
Қалдырылған пікірлер саны аз болса әзірге тамашалап үлгергендерге ұнаған сияқты. Баланың дауысы тамаша екенін айтып, мектеп пен сабақтың қадірін түсінгендеріне разы болғандарын жеткізуде.