Құрылыс жұмыстарына 9000-нан астам адам жұмылдырылған.
Өмірзақ Шөкеев Түркістандағы биыл іске қосылатын жаңа нысандарды аралады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2020 жылдың соңына дейін Түркістан қаласында 15 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Осы орайда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтерген жаңа нысандарды аралап, құрылыс барысын бақылады. Аймақ басшысы аралап көрген Конгресс орталығы, Оқушылар сарайы мен стадионның құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жиһаздары қойылып, абаттандыру және газонды толықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, рухани-мәдени орталығындағы 4 нысанның да құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Драма театрда бүгінгі таңда сыртқы және ішкі әрлеу, инженерлік желілерін монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына 150адам жұмылдырылған. Мәдени ошақтың жиһаздары жасақталып, заманауи театрлық құралдары орнатылады.
Ал, Ұлы дала елі орталығы мен Қ.А.Яссауи мұражайында сыртқы қасбетін қаптау, инженерлік жүйелер, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, ғылыми-әмбебап кітапханасында сыртқы рамаларын орнату, темір конструкциясын монтаждау және бетондау жұмыстары, витраждар орнату мен ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда 50 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Аталған нысандарды тексерген өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев құрылыс басында жауапты басшыларға жұмысты кестеге сай аяқтап, ғимараттарды тездетіп пайдалануға беруді тапсырды. Жалпы, Түркістан облысы бойынша құрылыс жұмыстарына 9000-нан астам адам жұмылдырылған. Құрылыс алаңына айналған Түркістан қаласында 4000-нан астам құрылысшы еңбектенуде. Жұмысшылардың барлық еңбек жағдайы мен сақтық шаралары қатаң бақылауға алынған.