М.Сыздықова есімді азамат жер дауына қатысты мәселе көтерген.
Түркістанда орын алған жер дауына қатысты қала әкімі түсінік берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгін Түркістан қаласының әкімі баспасөз жиынын өткізіп, қалада атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы айтып берген болатын. Сонымен қатар, бұл жиында М.Сыздықова есімді азамат көтерген жер дауына қатысты мәселе де сөз болды.
Брифингте мәлім болғандай, Түркістан қаласы әкімдігінің 26.12.2019 жылғы №1890 санды қаулысымен аталған жылжымайтын мүлікке мемлекет мұқтажы үшін алып қою туралы шешім қабылданған. Тиісінше, тәуелсіз бағалаушы «Строй Надзор Сервис» ЖШС тарапынан ғимарат жер телімімен245,8 млн. теңгеге бағаланған.
Сол кезде ұсынылған құжаттарға сәйкес, Ғ.Оспанов есімді азаматқа 17.03.2020 жылы құн төлеу туралы келісім шарт түзілген. Меншік иесімен келісім шарт түзу барысында 11.03.2020 жылғы №10100388026894 санды анықтамасында: Түркістан қаласы, Әмір Темір көшесі №11Б мекен жайында орналасқан кадастрлық №19-307-020-1021, жалпы алаңы 0.32948 га жер телімі мен үстінде орналасқан жылжымайтын мүлікке Ғ.Оспановтың меншік құқығы тіркелгендігі және аталған мүлікке қатысты ауыртпалықтар жоқ екендігі көрсетілген.
Сөйтіп, жоғарыда көрсетілген келісім шарттың негізінде, 19.03.2020 жылы қаржысы аударылып, қала әкімдігінің 28.04.2020 жылғы №779 қаулысымен мемлекет меншігіне өткен.
Алайда, облыстық сот алқасының 27.08.2020 жылғы қаулысымен 19.10.2019 жылы М.Сыздыкова тарапынан М.Куанышбековке берілген сенімхат және М.Куанышбеков пен Ғ.Оспанов арасындағы шарт жарамсыз деп танылған.
Ал, 11.05.2021 жылы тараптар арасында медиациялық келісім бекітіліп, М.Сыздықова Ғ.Оспановтан мүлік үшін 50 млн. теңге алынғаны анықталған.
«Даулы жер теліміне қазіргі таңда автотұрақ орналасып, ол жерге инженерлік инфрақұрылым құрылысы және абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Бұл мәселе бойынша арызданушының шағымы Түркістан қалалық және облыстық сотында қаралып, қанағаттандырусыз қалдырылған. Қазіргі таңда жоғарғы сотта қаралуда. Түркістан облысының полиция департаменті тарапынан алаяқтық дерегі бойынша және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті тарапынан аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде», - деді қала әкімі.
Яғни, М.Сыздықова көтерген жер дауы әлі құзырлы органдарда қаралып жатыр деген сөз. Сондай-ақ, «әкімдік жерді тартып алды» деген пікір шындыққа жанаспайтын көрінеді.