Аудандық полиция бөлімінің мәліметіне сәйкес, ауданда ауыр және аса ауыр қылмыс азайған.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Даул Панзабеков аудан тұрғындары алдында өз есебін берді. Бөлім басшысы Даул Төребекұлы көпшілік алдында "2018 жылғы 10 айдың қорытындысы мен бөлімнің алда атқаратын жұмыстары, міндеттері жайында" баяндама жасап, мал ұрлығының алдын алу бойынша шаруашылық төрағалары өз тәжірибелерімен бөлісті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Осы орайда жиынға Бөген ауылдық округінен арнайы шақырылған "Байбек" шаруашылығының төрағасы Нұртас Тәукеев жиынға қатысушыларға өз іс-тәжірибесін айтып берді. Төраға жылқыларына "ЖПС" қондырғыларын, уақ малдарына "чип" енгізген. Осы арқылы малдарының қай аймақта жүргенін бақылап отырады. Әрине, әрқайсысына кететін қаражат бар, есесіне малдары ұры-қарыдан аман болатынын да айтты шаруашылық төрағасы.
Сонымен қатар, күн тәртібіндегі мәселе бойынша жарыссөзге "Нұр Отан" партиясы Бәйдібек аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тұрсынәлі Дүйсенбеков, "Бәйдібек аудандық билер алқасы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағынбай Жұманов, Боралдай ауылдық округінің биі Сегізхан Орынбасаров, Бәйдібек аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бақберген Төлешов, "Зейнеткер тынысы" газетінің редакторы Серікбай Тұржан шықты.
Мінберге шыққандар полиция қызметкерлерінің 10 айда атқарған жұмысына оң бағасын берді. Ұсыныс-пікірлерін де айтты. Полиция қызметкерлерінің халықпен байланысын арттыруы, ауыл әкімдерімен өзара жұмыс істеуін күшейтуі, қоғамдық ұйым өкілдерімен тығыз қарым-қатынас орнатуы тиіс екендігін жеткізді.
Аудандық полиция бөлімінің мәліметіне сәйкес, ауданда ауыр және аса ауыр қылмыс азайған. Бір рет қарақшылық шабуыл Амансайда тіркеліпті. Дегенмен, қылмыскерлер құрықталып, іс сотқа өткен. Сондай-ақ, бір адам тонау оқиғасы орын алып, ол да дер кезінде анықталып, қылмыскер қамауға алынған. Бұзақылық, зорлау сынды қылмыстар да орын алғанымен, полиция қызметкерлері дер кезінде ашқан.
Қылмыстың барлық түрі өткен жылмен салыстырғанда төмендегені байқалады. Десек те, көпшілікті алаңдатып отырғаны - мал ұрлығы. 2018 жылдың 10 айында 33 мал ұрлығы тіркеліпті. Мал ұрлығы да өткен жылға қарағанда төмендегенімен ашылуы 36,4 пайызды құраған.
- Үйінен ұрланған малдар толық ашылды, ал жайылымнан ұрланғандарды ашу қиын болып тұр, малға еге жоқ, - дейді полиция басшысы.
Жиынды аудан әкімі Бақытбек Танагөзов мырза қорытты.