Алты жыл ішінде конкурсқа 27556 мұғалім қатысты, оның ішінде мектепке дейінгі және орта білім, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 304 мұғалімі жеңімпаз болып, 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай сыйақы мен «Үздік педагог» төсбелгісінің иегерлері атанды.
Келес ауданының мұғалімі «Үздік педагог – 2018» Республикалық байқауының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Педагогтардың қоғамдағы мәртебесін және беделін арттыру, үздік мұғалімдердің озық педагогикалық іс-тәжірибесін тарату мақсатында 2012 жылдан бастап жыл сайын республикалық «Үздік педагог» конкурсы өткізіліп келеді.
Биыл «2018 жылдың үздік педагогы» атағын тағайындау бойынша Астана қаласында "Үздік педагог" республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Конкурс қорытындысы бойынша, 48 орта мектеп мұғалімі мен 16 колледж оқытушысы сыннан сүрінбей өтіп, үздік ұстаз атанды.
Соның ішінде Түркістан облысының Келес ауданы Ә. Жангелдин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі - Каюпова Сәбира Жылгелдіқызы үздік ұстаз номинациясының иегері атанды. Республикалық байқау жеңімпазына "2018 жылдың үздік педагогы" төс белгісі, куәлік, сондай-ақ, 1000 АЕК (2 405 000 теңге) мөлшерінде сыйақы табысталды. Түркістан облысы Білім басқармасы басшысы Сағындықов Исатай Өмірзақұлы облыстан шыққан жалғыз жеңімпазға жылы лебіздерін білдіріп, шығармашылық табыстар тілей отырып, жаңадан құрылған Келес ауданының білім саласындағы алғашқы республикалық деңгейдегі жеңісімен құттықтады.