Сенбілік жұмыстарына 50-ге жуық азамат жұмылдырылды.
«Киелі мекен» апталығы аясында Сайрам ауданында өз жалғасын табуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сайрам ауданында киелі мекендер көптеп кездеседі. Осыған орай, «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясының «Киелі мекен» апталығы аясында Сайрам ауданында өз жалғасын табуда. Ауданға қарасты Қарамұрт ауылдық округінде орналасқан «Жаныс баба» кесенесіндегі сенбілік жұмыстарына 50-ге жуық азамат жұмылдырылды.
Жаныс баба кесенесі – шешен, талантты қолбасшы және ел басқарған көсем Жаныс бабаға арналып, 2004 жылы тұрғызылды (сәулетшілер тобының жетекшісі А.Әзімбаев). Кесененің табанынан ұшар басына дейінгі биіктігі – 27 м, шаңырақтағы күмбезінің шеңбері – 9 м. Кесененің ішкі жағы сегіз қырлы (сегіз қанатты) болып салынған. Бұл Жаныс бабаның сегіз баласының болғанын меңзейді және әр қанатта сол аталардың шежіресі жазылып бекітілген.
Акция барысында киелі орында жаппай сенбілік ұйымдастырылып, тазалық жұмыстарын жүргізу ісі кеңінен қолға алынды. Жаныс баба кесенесінің аумағын абаттандыру, сырлау, әктеу және тазалық жұмыстары жүргізілді. Сенбілік жұмыстарына Қарамұрт ауылдық округі әкімшілігіндегі қоғамдық жұмысшылар, Жаныс Баба көшесінің тұрғындары мен белсенді еріктілер қатысты.