​Нұралхан Көшеров Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың өкілетті кеңес төрағасымен кездесті

0
80

Кездесуде университеттің қазіргі жағдайы, білім беру және ғылым саласындағы жұмыстары, сондай-ақ оқу ордасын одан әрі дамыту бағыттары талқыланды.


​Нұралхан Көшеров Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың өкілетті кеңес төрағасымен кездесті

Нұралхан Көшеров Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Өкілетті кеңес төрағасымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңесінің жаңадан тағайындалған төрағасы, профессор, доктор Хүсейін Караманмен кездесті. Кездесуде университеттің қазіргі жағдайы, білім беру және ғылым саласындағы жұмыстары, сондай-ақ оқу ордасын одан әрі дамыту бағыттары талқыланды.

Облыс әкімі бауырлас Қазақстан мен Түркия арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың маңызына тоқталып, Қожа Ахмет Ясауи атындағы университеттің Түркістан өңірі үшін стратегиялық маңызы бар білім ордасы екенін атап өтті.

– Сізді жауапты да маңызды қызметке тағайындалуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Қасиетті Түркістанға қош келдіңіз. Түркістанды дамытуда Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың қосқан үлесі өте зор. Біз білім беру сапасын арттыру, ғылыми әлеуетін күшейту, халықаралық байланыстарын кеңейту және Түркістан қаласының білім мен ғылым орталығы ретіндегі әлеуетін арттыру бағытындағы бастамаларды қолдауға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор, доктор Хүсейін Караман қонақжайлық танытқан өңір басшысына алғысын жеткізді.

– Түркі дүниесінің рухани орталығында өзіңізбен кездесіп тұрғаныма қуаныштымын. Бұл оқу ордасының Түркістан, Қазақстан және Түркия үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін маңызы зор. Білікті мамандар даярлау, түркі әлемінің жастарын біріктіру бағытындағы бірлескен жұмыстарды жалғастырамыз, – деді ол.

Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова оқу ордасының қазіргі жай-күйі, білім беру үдерісі, ғылыми-зерттеу жұмыстары және алдағы даму жоспарлары туралы баяндады.

Кездесу соңында тараптар университеттің одан әрі дамуына бағытталған бірлескен жұмыстарды жалғастыруға және Қазақстан мен Түркия арасындағы білім, ғылым және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайта түсуге уағдаласты.

Бөлісу