«Өлтіріп жіберемін»: Шымкенттік полицейлер журиналистерге күш көрсеткен

0
1 683

Ғ.Елшібай: ЖУРНАЛИСТЕРДІ ЖӘБІРЛЕУ... Генералдың кешірім сұрауымен тына салатын тірлік пе?


«Өлтіріп жіберемін»: Шымкенттік полицейлер журиналистерге күш көрсеткен

Шымкенттік полицейлер түсірілім барысында журналистерге күш көрсеткен, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облысы бойынша филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай Facebook желісіндегі ресми парақшасына жазды.

«Бүгін Шымкент қалалық Полиция департаментінің алдында әріптестерімнің өткізген бейбіт акциясына қатыстым. Журналистік салада 30 жылға жуық еңбек етіп жүрген кәсіби маман, Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облысы бойынша филиалының төрағасы және Меншікті тілшілер клубының жетекшісі ретінде. Жалпы журналистің жұмысына кедергі жасау, оператордың камерасын сындыру, полиция бөлімшесіне апарып, түсініктеме жаздыру, заңсыз ұстау Қазақстан журналистикасында жиі болатын жағдай. Мұның бәрі де біздің құқық қорғау органдарында журналистпен жұмыс істеу мәдениетінің қалыптаспағанын көрсетеді. Өкінішке қарай, «ұр да жық полицей» біз үшін жаңалық емес», - деп жазған Ғ.Елшібай өз жазбасында.

Оның айтуынша, осыдан бір ай бұрын Шымкент қаласындағы «Тұлпар» базарындағы өртті түсіру үшін барған «Астана» телеарнасының меншікті тілшісі Бахрам Талибжанов пен «31 арна» телеарнасының тілшісі Бахрам Абдуллаевқа тәртіп сақшыларының күш қолданып, ол іс бойынша тергеу амалдарының басталған.

«Міне, осындай келеңсіздік тағы да қайталанды. Қос журналистің және «полицейлердің ертең өзін өлтіріп кететінін күтіп отыра бермей» қарсылығын білдіріп, департаменттің алдына плакат көтеріп келген «КТК» телеарнасының тілшісі Бек Әбиевтің айтуынша, олар сенбі күні Алтынтөбе елді мекеніне тұрғындардың наразылығын түсіру үшін барған. Полицейлер олардан оқиғаны түсірмеуді талап еткен. Тәртіп сақшыларының бірі Бахрам Абдуллаевқа тап беріп, жаңбырдан қорғау үшін камераның үстіне ұстап тұрған қолшатырын сындырып, қолына жеңіл жарақат салады. Полицейлердің сол жерде жүрген «Азаттықтың» тілшісі Диляра Исаны жұлқылап, ұялы телефонын тартып алмақ болғанын, ал Бахрам Абдуллаевқа бір тәртіп сақшысының жақын келіп, «өлтіріп жіберемін» деп қорқытқанын заңдық тұрғыдан былай тұрсын, адамгершілік тұрғыдан ақтауға бола ма? Сонда тәртіп сақшылары елдің қорғаны ма әлде кісі өлтіруші ме? Тәртіп сақшылары осы оқиға кезінде «Отырар» телеарнасының операторын да ұрған», - делінген жазбада.

Сондай-ақ, журналистердің кәсіби міндетіне тоқталып өткен төраға тілшілердің жұмысына кедергі келтіруді бұрыс деп санап, ал соққыға жығуды тым шектен шыққандық деп бағамдаған.

«Журналисті кім көрінген ұрып-соғып кете беретін болса, бұл кәсіпте қандай бедел, қандай қадір-қасиет қалады? Билік журналистің беделі, құқығы елдегі демократияның, сөз бостандығының беделі екендігін ұмытпауы тиіс. «Бұқаралық ақпарат құралдары» туралы заңда жазылған журналистің құқығын былай қойғанда Қылмыстық кодексте «журналистiң заңды кәсіби қызметiне кедергi жасау» деп аталатын (158-бап) бап бар. Бұл бап бойынша журналистің заңды кәсіптік қызметін орындауына кедергі жасаған адам айыппұл салудан 45 тәулікке дейін қамаққа алуға дейін жазаланады. Ал егер бұл әрекет қызмет бабын пайдалана отырып жасалса, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондықтан өздерінің құзыреттерін пайдалана отырып журналисті соққыға жыққан, оның заңды кәсібіне кедергі келтірген полицейлердің заң алдында әділ жазалануын талап етеміз», - дейді Ғалымжан Қамытбекұлы.

Сонымен қатар, департаменттің алдына жиналған журналистердің арасына барып, оларды ішке кіргізіп, емін-еркін сөйлескен Шымкент қаласының бас полицейі, генерал Ералы Жұмаханбетовтың қарапайымдылығын жоғары бағалаған жазба иесі тергеу ісіндегі күмәнді жағдайларға да тоқталған.

«Алайда осы келеңсіздіктің бір ұшы да басшылыққа барып тірелетін сияқты. Осы кездесуде генералдың талап етуімен өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеушісі 2 наурызда Талибжанов пен Абдуллаевтың арызы бойынша қозғалған қылмыстық іспен таныстырды. Тергеуші «тергеу амалдары жүргізіліп жатыр» дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ. Тіпті бұл іс бойынша күдіктінің бар-жоғын айтудан бас тартты. Шамасы, бір ай бойы бұл бағытта ешқандай да жұмыс жүргізілмеген сияқты. Бұл сонда «қарға қарғаның көзін шұқымайды» дегенді білдіре ме? Жәбірленген журналист генералға «өлтіріп жіберемін» деген полицейдің суретін де көрсетті. Сол жерде оның кім екендігі, қазіргі уақытта денсаулығына байланысты демалысқа шығып кеткені белгілі болды. Кейінгі істің де алдыңғысы сияқты бір орыннан жылжымай, ақыр аяғында жылы жабылып қала ма деген күдік басымдау. Ералы Жұмаханбетовтің сол жерде соққыға жығылған журналистерден қызметкерлері үшін кешірім сұрап, «осыменен болды ма?» дегенін түсіне алмадым. Сонда журналисті соққыға жығудың жазасы бір кешірім болғаны ма? Мәселе кешірім сұрауда емес, мәселе заңдылықтардың сақталуында ғой. Осындай жағдайдың ертең тағы да қайталанбайтындығына кім кепілдік бере алады? Сондықтан барлық ақпарат құралдарының өкілдерін әріптестерімізді қолдауға шақырамын», - дейді Ғ.Елшібай өз жазбасында.

фото: жазба авторының парақшасынан алынды