Өмірзақ Шөкеев: Кез-келген жағдайға тас-түйін дайын тұру керек

0
955

Облыс әкімі әр аудан басшыларына 100 адамдық оқшаулау орындарын дайындауды жүктеді.


Өмірзақ Шөкеев: Кез-келген жағдайға тас-түйін дайын тұру керек

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің басқаруымен өткен апталық лездеме отырысында елдегі төтенше жағдайға орай атқарылып жатқан жұмыс барысы пысықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Облыста COVID-19 вирусын жұқтырған науқастар анықталған жағдайда инфекцияның таралуын болдырмау үшін қауіпті ошақ қоршауға алынады. Сондай-ақ облыс әкімі әр аудан басшыларына 100 адамдық оқшаулау орындарын дайындауды жүктеді. Облыс басшысы барлық аудан әкімдеріне коронавирустық инфекцияның таралуына тосқауыл қою шараларын күшейтіп, бес қаруы сай болуды тапсырды.

«Кез-келген жағдайға тас-түйін дайын тұру керек. Әрбір азаматымыздың амандығын ойлай отырып, зор жауапкершілік танытып, дайындық жұмыстарына тыңғылықты және мұқият қарау керек. Дертке қарсы күрес үшін қажетті барлық жағдай жан-жақты жасалуы тиіс», – деді Өмірзақ Естайұлы.

Қауіпті кеселге ұқсас клиникасы бар азаматтардың диагноздарын анықтау мақсатында облыс аумағында 240 төсек-орынға провизорлық госпитальдар қарастырылған. Одан бөлек, барлық аудандар мен қалалардағы инфекциялық аурулар бөлімдері дайындық жағдайына келтірілген. Қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау үшін облыс аумағына 505 төсек-орынға обсервациялық орталықтар ашылған. Онда 300-ден астам медицина саласының қызметкерлері қызмет көрсетеді.

Оқшаулау орындарында өкпені жасанды желдету медициналық құрал-жабдықтарының санын арттырып, қажетті дәрі-дәрмек қорымен толық қамтылған. Блок-бекеттерде медициналық қызметкерлер қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, қосымша тапсырыстар берілген. Барлық медициналық ұйымдардағы медициналық қызметкерлер коронавирустың клиникасы, емдеу және диагностикалау бойынша тұрақты түрде дайындық шараларынан өтуде.