Өткен жылы су айдындарында орын алған оқиға бойынша облыс көлемінде 38 хабарлама түсіп, 34 адамның қайтыс болуы тіркелген.
Оңтүстік Қазақстанда жазғы шомылу маусымында өзекті мәселелердің бірі - су айдындарында қайғылы жағдайлардың жиі орын алуы. Мұндай оқиғаларғы азаматтардың қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамай, белгіленбеген орындарда шомылуы себеп болып отыр. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерғали Бахаев мәлім етті,деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Оның айтуынша, өткен жылы су айдындарында орын алған оқиға бойынша облыс көлемінде 38 хабарлама түсіп, 34 адамның қайтыс болуы тіркелген.
«Биыл осы уақытқа дейін өңірде 7 оқиға тіркеліп, оның 7-і де қайтыс болды. Жас жеткіншектер мен сәбилердің тілсіз жұттың қойнауына батып қайтыс болуына ата-аналар мен ересектердің назардан тыс қалдыруы себеп болған. Өкініштісі, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда су алаңдарында қайтыс болғандар саны 57 пайызға артқан. Сондықтан ересек азаматтар мен ата-аналарға мейлінше мұқият болуға, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамын», - деді Ерғали Бахаев.
Алдағы уақытта қайғылы оқиғаларды алдын алу үшін облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мамандары белгісіз қауіпті су айдындарында және шомылуға тыйым салынған белгілер қойылған жерлерде шомылмауға шақырады.
«Тұрғын үйлерге жақын орналасқан каналдар, арықтар бар аймақтарда балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдырмау қажет. Сондай-ақ, азаматтар балық аулау кезінде жеке құтқару кеудешесі сынды жабдықтарды пайдалану керек. Жалпы құтқарушы мамандардың жүргізген нұсқаулықтарын қатаң сақтауға тиіс», - деді Ерғали Бахаев.
Оның мәлімдеуінше, қайғылы жағдайларды алдын алуда әрбір азамат жауапты. Әр адам өз өміріне аса жауапкершілікпен қарап, балаларына өз тараптарынан ескертіп отыруы ләзім.