Қорға аударылған қаржы мен мемлекет тарапынан берілетін әрбір қаражат та қоғам назарында болады.
Арыс қаласында атқарылып жатқан жұмыстар мен мәліметтер шынайы әрі ашық болуы керек. Бүгін облыс әкімі аппаратының кезекті селекторлық жиынында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев осылай деді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қорға аударылған қаржы мен мемлекет тарапынан берілетін әрбір қаражат та қоғам назарында болады.
«Әрине, қысқа мерзімде қаланы қалпына келтіру оңай емес. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ әлі де елді арандатқысы келетіндер бар. Солармен жеке жұмыс жүргізілсін. Әрбір салаға жауапты басшылар, әсіресе, әскерилер мен өзге де құзырлы органдар ақпаратты ашық әрі уақтылы беріп тұрсын. Сонда ғана іс алға басады. Кейбір жігіттер әлі қорқыныштан арыла алмай жүр. Үрейден арылып, іске кіріскен жөн. Арыста тіркелген әрбір адамға 100 мың теңге беріледі, үйлері жөнделеді. Ешкім қолдаусыз қалмайды», – деген өңір басшысы барлық жауапты басшылар мен мамандарға жұмысты күшейтіп, сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды.
ҚР Қорғаныс министрлігі бас штабының бірінші орынбасары Р.Шпекбаевтың айтуынша, әскери мамандардан құралған 42 топ Арыстың маңындағы 10 шақырым аумақты түгел тексеріп, оқ-дәрілерден тазартып шыққан.
«Саперлар Арыс қаласымен бірге Ақдала, Дермене ауылдарын тексеріп шықты. Мамандарымыз барлық аумақты бақылап отыр Қазіргі таңда әскери қоймадан оқ-дәрілер көшіріліп жатыр. Қаладан 60 шақырымдай аумақтағы арнайы полигонда оқ-дәріні жою жұмыстары жүреді. Сондықтан кейде сағат 9 бен 18.00 аралығында бірді-екілі жарылыс дауысы естілуі мүмкін. Бірақ тұрғындарға жағдай толық бақылауда әрі қауіпсіз екенін айтқым келеді. Алаңдауға негіз жоқ», – деді ол.
Ал Түркістан облысының полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков елді арандату, жалған ақпарат тарату, заңсыз шеруге шығу деректері бойынша 10 адам ұсталып, түсіндіру және тергеу жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді. 4 қылмыстық іс қозғалған.
Облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібеков барлық секторлар мен штабтарда тұрғындардың талап-тілегі тыңдалып жатқанын жеткізді. Гуманитарлық көмек уақтылы таратылып, үйлері жарамсыз күйге түскен отызға жуық отбасымен кездесу өткенін, қолдау көрсетілгенін айтты.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындармен тиісті жұмыс жүргізіп, олардың мәселелерін тыңдау, шешу жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ Арыс қаласының зиялы қауымы мен белсенді азаматтарын, жергілікті атқарушы орган мен депутаттарын, ақсақалдарын да белсенді болуға шақырды.
Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі