Ө.ШӨКЕЕВ: «Тұран» командасы биіктен көрінуі тиіс»

0
720

5-наурызда футболдан Қазақстан чемпионаты басталады.


Ө.ШӨКЕЕВ: «Тұран» командасы биіктен көрінуі тиіс»

«Тұран» командасы биыл алдына үлкен мақсат қойып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Премьер-лигада сынға түсетін Түркістанның «Тұран» командасы биыл алдына үлкен мақсат қойып отыр. «Түркістан Арена» стадионында футболшылар мен бапкерлермен кездескен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «Тұранның» жалынды жігіттеріне сәттілік тілеп, жанкүйер сенімін ақтауды тапсырды.


«Футбол деген спорт қана емес, үлкен саясат. Командалар жанкүйерлерді, тұтас өңірді біріктіреді. Сондықтан мен өз тарапымнан футболшыларға әрдайым қолдау көрсетемін. Қостанай облысының әкімі болып жұмыс істеп жүрген кезімде «Тобыл» командасының жаңа дәуірін бастауға үлес қосып, үлкен додаларға бағыттадық. Әлі де сырттай бұл команданы да бақылап жүремін. Түркістан облысында футболға қолдау көрсетіліп, өте жақсы дамып жатыр. Түркістанда «Тұран» командасының академиясы бой көтеруде. Балалар футболын дамытуға басымдық беріледі. Биыл «Мақтаарал» клубы да премьер-лигаға шығып отыр. Былтыр «Тұран» премьер-лигада тұңғыш рет ойнағанықтан бірден биік меже қойылған жоқ. Бірінші лига мен премьер-лиганың айырмашылығы өте үлкен. Дегенмен жігіттер бастапқыда тосырқағанымен кейін үйреніп, премьер-лигада қалу тапсырмасын орындады. Ал биыл «Тұран» командасы биіктен көрінуі тиіс. Оған толық мүмкіндік бар. Оқу-жаттығу жиындары ойдағыдай өтті, бас бапкер, жақсы ойыншылар келді. Сапалы стадион, 2 миллионнан астам жанкүйерлеріңіз бар. Түркістан облысының тұрғындары сіздерден жеңіс күтеді», – деді Өмірзақ Шөкеев.


Команданың бас бапкері, ресейлік маман Владимир Газзаев команда құрамы 80-90 пайызға өзгергенін, жігіттер чемпионатқа толық дайын екенін жеткізді. Ал команданың капитаны Таңат Нөсербаев қолдау көрсеткен Түркістан жұртшылығына, облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, жанкүйер сенімін ақтау үшін бар күш-жігерлерін салатынын айтты. Өңір басшысына «Тұран» командасының спорттық жейдесі мен допты тарту етті.


«Тұран» командасы биыл Түркияда дайындалып, құрамын жаңа ойыншылармен толықтырды. Қазақстан құрамасының екі-үш ойыншысы және еліміздің талантты жастары қатарға қосылды. Сонымен бірге Сенегал, Ресей, Кот д'ивуар, Қырғыз Республикасы және Нигериядан легионерлер шақырылған.


Түркістандықтар алғашқы матчын ертең, яғни 5 наурызда «Түркістан Арена» стадионында өткізеді. Қарсыласы – «Тараз». Бұл кездесу сағат 17.00-де басталады.