Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде және «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» бастамашыл жобасы аясында ашылған «Коворкинг орталығы» компьютерлермен және теледидармен жабдықталған.
Түркістан облысы, Шардара ауданында нақты жұмыстар қолға алынып, орталық кітапхана жанынан «Коворкинг орталығы» іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде және «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» бастамашыл жобасы аясында ашылған «Коворкинг орталығы» компьютерлермен және теледидармен жабдықталған. Мұнда тағы да арнайы балалар алаңы, шығармашылық жұмыспен шұғылдану алаңы және дойбы, шахмат, асық ойыны сынды ойлау қабілеттерін жетілдіретін ойындар ойнайтын, яғни, демалу алаңы бар.
Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов пен аудан әкімі Болатбек Қыстауов және бір топ ақсақалдар мен ауыл билері халық игілігіне беріліп отырған орталық жұмысына құтты болсын айтысты.
- Бұл орталықты ашудағы басты мақсат – оқырмандарды, соның ішінде жастарды кітапханаға тарту. «Нұр Отан» партиясының жобасы шеңберінде ашылған «Коворкинг» орталығында біздің оқырмандарымыз кітап оқумен ғана емес, өздерінің жеке шығармашылық жұмыстарымен айналысуға болады. Яғни, әртүрлі ғылыми жобаларды бірлесе отырып жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, ғаламтор желісін пайдалана отырып, теледидар арқылы өздеріне қажетті дүниелерді тамашалай алады. Бір сөзбен айтқанда жаңа орталықта кітап оқырмандары үшін барлық жағдай жасалынған, – деді аудандық орталық кітапхана директоры Ғайша Төребаева.
Кітапхана директорының айтуынша ауданда бүгінгі таңда 359470 кітап қоры, 20100 оқырман саны бар. Кітапхана қоры әр тоқсан сайын 1000-2000 кітапқа толығып отырады.
Дереккөз: Шардара ауданы әкімінің баспасөз қызметі