ШЫМКЕНТ: "Дау-Мед" клиникасының дәрігеріне қатысты сот үкімі шықты

0
2 019

Сот тыңдауы барысында жәбірленушінің туысқандары да хирург-дәрігерге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды сұраған.


ШЫМКЕНТ:

иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

Шымкент қаласында дәрігер хирургке қатысты сот үкімі оқылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Ол "Дау-Мед" клиникасында жұмыс істеген. Дәрігер хирургтың жүргізген ем шарасы нәтижесінде Е.есімді азамат қайтыс болған. Өзінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау салдарынан абайсызда кісі өліміне себепкер болған хирург қылмыстық жауапкершілікке тартылып, әл-фараби аудандық сотында сот процесі өтті.

"Дау-Мед" медициналық клиникасының бұрынғы хирургы бастапқы сот талқылауы кезінде өз ісіне өкінетіндігін айтып, кінәсін толық мойындаған. Марқұм болған жәбірленуші туыстарынан кешірім сұрап, моральдық шығынды өтегендігін атап көрсеткен. Сот тыңдауы барысында жәбірленушінің туысқандары да хирург-дәрігерге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды сұраған.

"Сот үкімімен сотталушы дәрігер 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сондай ақ медицина саласында қызмет атқару құқығынан 3 жыл мерзімге айрылды. ҚР Қылмыстық кодексінің 63-бабының негізінде бас бостандығынан айыру жазасы шартты түрде белгіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ,"-деп хабарлайды Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.