Шымкентте қазына қаржысын жымқырған топтың ісі сотта негізгі айыпталушысыз қаралып жатыр

0
1 413

Ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі бойынша 8 адам қамауға алынса, тағы 6 айыпталушыдан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған.


Шымкентте қазына қаржысын жымқырған топтың ісі сотта негізгі айыпталушысыз қаралып жатыр

ERNUR.KZ. Шымкентте мемлекет қаражатын талан-таражға салған, бас пайдасына жаратқан деп айыпталған қалалық жұмыспен қамту орталығы қызметкерлеріне қатысты сот отырысы өтуде. Қылмыстық іс бойынша орталық қызметкерлері мен жеке кәсіпкерлерден құралған 14 адамға айып тағылған. Бұл туралы ОҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әбинұр Қарабаев мәлім етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Ұйымдасқан қылмыстық топтың ісі бойынша 8 адам қамауға алынса, тағы 6 айыпталушыдан ешқайда кетпеу туралы қолхат алынған. Сот отырысына 1800 куәгер қатыстырылады. Бүгінге дейін соның 100 шақтысы тыңдалған.

«Куәгерлердің басым көпшілігі жеке кәсіпкерлер. Әлі тыңдалатын 1700 адам бар. Қылмыстық іс 200-ден астам томға жинақталған. Бухгалтерлік құжаттар бар, зерттелетін дәлелдемелер көп. Сот отырысы жуық арада бітпейді. Кемінде екі-үш айға созылады»,- дейді Әбинұр Қарабаев.

Айта кетейік, аталған қылмыстық іс бойынша 14 адамға айып тағылған болса, басты күдікті - Шымкент қалалық жұмыспен қамту бөлімінің бұрынғы басшысы Асылжан Жамалбеков. Оған халықаралық іздеу жарияланған. Ол мемлекеттік қызметті атқаруға теңестірілген лауазымды тұлға бола тұра, өзіне бағынышты қызметкерлердің арасынан ұйымдасқан қылмыстық топ құрған деп айыпталды. Тергу материалдарына сай, қылмыстық топтың жетекшісі ретінде Асылжан Жамалбеков 2015 -2017 жылдар аралығында күдікті Жүнісалиевамен алдын ала сөз байласып, бағдарлама аясында бөлінген қаражаттардың ысырап етілуіне ықпал жасаған және өзіне материалдық сыйақы алып, мемлекет бюджетіне жалпы көлемі 437 384 604 теңге залал келтірді деген кінә тағылуда.

Аталмыш факті бойынша орталық директорының үстінен Қылмыстық кодекстің 262-бабы 3-бөлігімен («Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған іс-әрекеттер»), 190-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағымен («Алаяқтық») іс қозғалған.