«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: Түркістан облысындағы жұмыстар жаңаша форматта жүйеленеді

0
653

«Таза Қазақстан» акциясын науқан емес, қалыпты өмір дағдысына айналдырып, жыл он екі ай бойы осы бағытта жұмыс жүргізуді тапсырды.


«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: Түркістан облысындағы жұмыстар жаңаша форматта жүйеленеді

Түркістан облысында абаттандыру, көгалдандыру, тазалық жұмыстары жаңаша форматта жүйеленеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысыда тазалық, абаттандыру жұмыстары жаңаша бағытта үйлестіріліп, жүйелене түседі. Облыс әкімі аппаратының апталық отырысында өңір басшысы Дархан Сатыбалды тазалық пен абаттандыру мәселелерін шешудің жаңа жоспарын әзірлеуді ұсынды. «Таза Қазақстан» акциясын науқан емес, қалыпты өмір дағдысына айналдырып, жыл он екі ай бойы осы бағытта жұмыс жүргізуді тапсырды. Сонымен бірге көшесін, ауылын таза ұстаған тұрғындарды ынталандыру мәселесін көтерді. Мысалы, әлеуметтік нысандар мен жолды бірінші кезекте тазалық талаптарын сақтаған елді мекендерге салып беру және де ынталандыру шараларын әзірлеуді жүктеді.


«Тазалық пен абаттандыру – жыл он екі ай тоқтаусыз жүретін жұмыстар. «Таза Қазақстан» акциясы өмірлік дағдыға айналуы тиіс. Өңірдегі барлық мемлекеттік, бюджеттік, жеке меншік, ауыл шаруашылығы, спорт, мәдениет, жалпы мекемелердің бәрінің басшылығына тиісті ұсыныс берілсін. Әр мекеме ұжымы өздері тұратын нысанды сәндеп, жан-жағын көгалдандырып, тазалық жұмыстарын атқарсын. Әрбір аудан, қала, ауыл әкімдері өздері басқаратын аумақтағы мекемелер қызметкерлерін, тұрғындарды тазалық акциясына шақырсын. Жұмысты үйлестірсін. Бұл – бір. Екіншіден, тазалық пен абаттандыру жұмыстарын науқанмен шектемей, проблемаларын анықтап, жүйелі түрде шешуіміз керек. Коммуналдық мекемелер құру, оларды қаржыландыру жұмысы жандансын», – деді Дархан Сатыбалды.


Мәжілісте Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» акциясының үш аптасында атқарылған істерге тоқталды. «Таза өлке» науқанында 4352 шақырым көше бойлары және 120 мың шақырым аяқжолдар тазаланды. Бұдан бөлек, 608 шақырым өзен, көпір, канал бойлары және 1380 көпқабатты тұрғын үйлер аулалары тазаланған. Жалпы 1225 тонна қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстарға 14571 адам, 692 техника тартылды. «Киелі мекен» апталығында 226 ауқымды іс-шаралар өткізіліп, тарихи-мәдени орындар тазартылды. Осы жұмыстарға 22251 адам, 496 техника тартылып, 1410 тонна қоқыс шығарылды. «Жасыл аймақ» науқанында 153 мыңнан аса ағаш көшеті егіліп, 175 мыңға жуық ағаш әктеліп, бұталды. Сондай-ақ 346 саябақ пен сквер, 731 балалар ойын алаңшасы акция аясындағы жұмыстармен қамтылды. Жалпы 22 мыңнан аса адам, 477 техника тартылып, 983 тонна қоқыс тазартылды. Акцияның ауқымдылығын қамтамасыз ету үшін, салалық басқармаларға нақты тапсырмалар беріліп, 775 діни мекеме, 912 білім беру орны, 853 денсаулық сақтау, 46 спорт және 853 мәдениет мекемесі науқанға атсалысқан.


Өңірдегі республикалық жолдардың 80% немесе 555 шақырымы тазартылды. Облыстағы 1 270 аялдаманың 1 004-і ретке келтіріліп, 79%-ға орындалды. Осы салада жауапкершілік пен тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында, Полиция департаменті тарапынан жыл басынан бері 6539 шаралар қолданып, жалпы көлемі 80 млн. теңгеден аса айыппұл салынған.


Тазалық жұмыстарын жандандыру үшін ұсыныстар енгізілді. Бүгінде өңірде санитарлық тазалық бағытында 5 925 адам қызмет көрсетеді. Оның ішінде: 1 665-і КММ жұмысшылары болса, қоғамдық жұмыспен 4 260 адам тартылған. Талдау көрсеткендей, қоғамдық жұмысшылар әр ауылдық округке 5-10 адамнан бөлінген, бұл адам саны сапалы тазарту жұмыстарын жүргізу үшін жеткіліксіз. Осыған байланысты әр аудандағы жалпы жұмыс күшін жинақтап, құрамы 50-100 адамды құрайтын 2-3 ірі топтарға бөлу ұсынылды. Сәйкесінше, бұл топтарды тиісті техника және жеткілікті құрал жабдықтармен қамту, бөлінген ірі топтардың 1 айлық тазалық кестесін бекіту туралы да ойлар айтылды.


Коммуналдық мемлекеттік мекемелердің қаржы көлемін ұлғайту, техникалармен қамту, елді мекендердің тазалығын сақтауға жұмысшылар мен техника санын көбейту мәселелері де көтеріліп, тиісті ұсыныстар хатамаға енгізілді. Бұл бағытағы жұмыстар зерделеніп, іс-шаралар жаңаша форматта жүйеленбек.