"Қазақтың атын әлемге таныту үшін алдағы уақытта да бар күш-жігерімді салуға уәде беремін".
Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов елге оралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосыновты түркістандық жанкүйерлері Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдан күтіп алды. Токио төрінде өткен додада әлемнің ең үздік боксшыларымен тайталасып, Алаштың мерейін асырған жерлесімізді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, Түркістан жастары, спортшының әріптестері, туған-туыстары мен достары қарсы алды. Қазақстанның абыройын асқақтатқан боксшыға Түркістан облысының кәсіпкерлері темір тұлпар мінгізді.
"Түркістан облысының тарихында алғашқы Олимпиада медалін ұтып алған Сәкен өзін үздік спортшы екенін көрсетеді. Оған барлығымыз жанкүйер болдық, куә болдық. Бұл алтынға бергісіз қола жүлде болды. Бізге үлкен мәртебе. Түркістан облысының барлық спортшыларына жеңіс тұғырынан көрінуге тілектеспіз",- деді облыс әкімі.
Бокстан Токио Олимпиадасында 52 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен 24 жастағы спортшы жартылай финалдық жекпе-жекте Ұлыбритания спортшысы Галал Яфаймен кездесіп, Олимпиаданың қола жүлдегері атанды.
«Мені қолдаған барша қазақ еліне, халқыма шексіз алғысымды білдіремін. Әрине негізгі мақсатымыз алтын болған. Бұйырғаны осы болды. Аллаға шүкір деймін. Қазақтың атын әлемге таныту үшін алдағы уақытта да бар күш-жігерімді салуға уәде беремін»,-деді Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов.
Сәкен Бибосынов - Түркістан облысы, Сайрам ауданының тұрғыны. Отбасындағы үш ұлдың кенжесі. Жасынан спортқа жақын болған. Алдымен футболмен шұғылданып, кейін үлкен ағасының артынан еріп, боксқа келген. Ұлттық құрама мүшесі. Әлем чемпионаты мен Азия чемпионатының қола жүлдегері. Отандасымыз Токио төрінде 4 кездесу өткізді. Ол Пуэрто-Рика, Франция, Испания боксшыларын жеңді. Жалпы Түркістан облысынан Токио Олимпиадасына 5 спортшы аттанған болатын. Солардың бірі қола медальға ие болып, сенімді ақтады.