Төлеби халқы әз Наурыз мерекесін тойлады

0
2 331

ERNUR.KZ. Төлебиліктер Леңгір қаласының орталық алаңында Наурыз мерекесін тойлады. Орталық алаңға киіз үйлер тігіліп, әрбірінде дастархан жайылып, қонақтар мен тұрғындарға арналып наурыз көже ұсынылды.


Төлеби халқы әз Наурыз мерекесін тойлады

ERNUR.KZ. Төлебиліктер Леңгір қаласының орталық алаңында Наурыз мерекесін тойлады. Орталық алаңға киіз үйлер тігіліп, әрбірінде дастархан жайылып, қонақтар мен тұрғындарға арналып наурыз көже ұсынылды.

Мерекелік шара аудандық Мәдениет үйінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы негізінде ұйымдастырылған ЮНЕСКО халықаралық стандарттарына сәйкес ғылым және өнер докторы, арт-терапевт, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ақын, емші, суретпен емдейтін суретші, Төлеби ауданының тумасы Бақтыбек Талқамбаевтың «Басында Қазығұрттың кеме қалған» атты арт-терапиялық көрмесінің ашылу салтанатымен басталды. Көрмеге суретшінің және шәкірттерінің жұмыстары қойылған.

Содан соң, орталық алаңда Ұлыстың ұлы күнін әрдайым сән-салтанатымен атап өтетін төлебиліктерді айтулы мерекемен аудан басшысы Бұхарбай Рысқұлұлы Парманов құттықтады.

«Жаңа жыл келді, ырзық келді деп, Наурызды – берекелі бірліктің, ортақ мақсатқа ұйыстыратын ынтымақтың бастауы ретінде қабылдап, жадыраған жайдарлықпен қарсы алып жатқан жайымыз бар. Осы жыл байтақ елімізге молшылық, қасиетті жерімізге құт-береке әкелсін. Халқымыздың мерейі үстем болып, игі арман-тілектеріміз жүзеге ассын. Еліміздің ырысы артып, азығы молая берсін. Мемлекетіміздің мерейі үстем болып, егеменді Қазақстан мәңгі жасасын!», - деді аудан әкімі.

Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған шара барысында аудан әкімі бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, алғаш басқан қадамдарына сәттілік тіледі.

Сондай-ақ, қошқар көтеру сайысы өтті. Сайыс ережесі бойынша қошқарды иыққа салған азамат бір орында отырып-тұрып мойындағы жүгін барынша көбірек көтеру керек. Қошқар ең көп көтерген жеңімпаздың жетегінде кетеді. Сондықтан болар аламанға қатысушылар саны да көп болып, тартысты өтті.

Наурыз мерекесі аудандық мәдениет үйінің, ұлттық мәдени орталықтардың әзірлеген мерекелік концертке және түрлі ұлттық ойындарға ұласты. Сахнада наурыз, көктем, ынтымақ туралы әндер шырқалды.