Түймебаев Отырардың әр төбесін зерттеруге тапсырма берді

0
1 421

​Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Отырар ауданындағы «Отырар төбе» қалашығында арнайы мамандармен бас қосты.


Түймебаев Отырардың әр төбесін зерттеруге тапсырма берді

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Отырар ауданындағы «Отырар төбе» қалашығында арнайы мамандармен бас қосты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырар қалашығындағы басқосуда аймақ басшысы кезінде көне шаһардың агломерациясы мықты болғанын айтты.

"Отырар қалашығына келе жатқанда бірнеше төбелер бар. Олардың бәріне зерттеу жүргізілуі керек. Кезінде Отырар үлкен қала болса, соның айналасындағы ауылдар оған қызмет жасаған. Мысалы, «Алтынтөбе» деген жерде осы шаһарға қажетті тиындарды, ақшаларды, әйелдерге әшекей бұйымдарын басқан. Одан кейін «Жаман төбе» деген жерде малды сойып етін жіберіп отырған. «Шақты төбеде» пышақтарды қайраған. Яғни, агломерация сол кезде болған",- деді облыс әкімі.

Қазір көне қалашықты дамытуға облыс қазынасынан қаржы бөлініп жатыр. Себебі, мұнда келетін туристерге тиісті жағдай жасалу керек. Негізінен, бұл аймақ келешекте ашық аспан астындағы музей іспеттес келбетке ие болуы қажет.

Мұнан соң, жұмысшы топ Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайын аралады. Ондағы күрделі жөндеуден өткен экспозиция залының жұмыстарымен танысты. Отырар қалашығы б.з.б. I ғасырға жатады. Шаһардың аумағы ұзындығы мен еніне қарай шамамен бір күндік жер болған. Яғни, Отырар сол кезде 200 гектардай жерді алып жатыр. Қаланың мәдени орталықтарында кездесетін өрттің іздері бұл қала бір рет емес, бірнеше рет шабуылдарға ұшырағандығын көрсетеді.

«Мәдени мұра» және «Ежелгі Отырарды жаңғырту» мемлекеттік бағдарламалары аясында 2004-2007 жылдары Отырар қалашығының XIV ғасырдың жұма мешіті, XVI ғасырдың тұрғын үй орамы, XI-XII ғасырлардың тұрғын жайлары, қабырғалар, орталық қақпа және «Дарваза-и суфи», стратиграфиялық шурф, XIV ғасырдың моншасы сынды бірқатар ескерткіштері зерттеліп, оларды консервациялау және музейлендіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.

Бүгінгі таңда ескі қаланы көруге жылына одан көптеген турист келеді. Туристерге қолайлы жағдай туғызу мақсатында аудандық бюджет есебінен «Арыстанбаб» кесенесі мен «Отырар төбе» қалашығы аралығындағы 1,7 шақырым аралықты абаттандыру жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындылары алынды.