Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 250 га жерге жаңғақ отырғызылған болатын. Жаңғақ өнімін жинауды аудан тұрғындары енді жеке кәсібі ретінде іске асыруда.
ERNUR.KZ.Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданында соңғы 2 жылдың көлемінде жаңғақ шаруашылығын дамыту жолға қойылды. Өткен жылы таулы ауданда тұрғындар 627 тонна жаңғақ жинап алды, деп жазады ҚазАқпарат.
Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 250 га жерге жаңғақ отырғызылған болатын. Жаңғақ өнімін жинауды аудан тұрғындары енді жеке кәсібі ретінде іске асыруда. Бүгінде аудан орталығындағы базар жанынан қабылдау пунктері ашылып, жаңғақтар 400-500 теңгеден сатып алынуда. Кәсіпкерлер оларды қайта өңдеуден өткізіп, қабығынан ажыратып алады. Сөйтіп дайын болған жемісті облыстың ірі сауда орталықтары мен кондитерлік цехтарға немесе басқа өңірлерге әр келісін 1200-1500 теңгеден өткізуде.
Айта кетейік, еліміздегі жаңғақтың 85 пайызы Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында өсіріледі. Соған байланысты Қазақстан грек жаңғағын өндірістік өсіруге және экспортқа шығаруға бағыт алып, алдағы 2-3 жылда үш аймақтағы жаңғақ бауларының көлемін 5 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Өйткені мұнда өндірістік жаңғақ шаруашылығын дамыту үшін шексіз мүмкіндіктер бар. Мәселен, қолайлы климаттық жағдайлар, егістік жерлер және жұмыс күші. Бұл бағытта фермерлер мен ғалымдардың тек бірлескен күштері қажет. Отандық ғалымдардың айтуынша, бүгінде осы өңірлерге Франция, Польша, Испаниядан жаңғақтың өскіндері әкелінді. Мамандардың пікірінше жаңғақ бауының әр гектарынан 3 млн теңгеге дейін пайда табуға болады.