ТҮРКІСТАН: 80 мың гектарға жуық алқапта шегірткеге қарсы күрес жүргізіледі

0
743

Іс-шаралар 10 ауданның 53 ауыл округтерінде жүргізіледі.


ТҮРКІСТАН: 80 мың гектарға жуық алқапта шегірткеге қарсы күрес жүргізіледі

Түркістан облысында 80 мың гектарға жуық алқапқа шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жүргізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ибрагим Бегасилов мәлімдеді.


Оның сөзінше, биыл облыс көлемінде үйірлі марокко шегірткесіне қарсы 67 290 га және азиялық шегірткеге қарсы 11 500 га алқапта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі.


«2023 жылы облыс аумағында қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету үшін штабтар құрылып, аудан мен қалаларда тиісті дайындық жұмыстар жүргізілуде. Биыл марокко шегірткесіне қарсы облыс бойынша 67 290 га алқапта, оның ішінде, 59050 га жер үсті желдеткіш бүріккіш техникаларымен және 8240 га әуемен химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі», - деді Ибрагим Жаксыбайұлы.


Сонымен қатар, Сарыағаш ауданы бойынша – 15 380 гектарда 7 дана, Арыс қаласы – 12 420 гектарда 6 дана және Бәйдібек, Келес, Қазығұрт, Ордабасы, Сауран, Төлеби, Шардара аудандары бойынша – 31 250 гектарда 14 дана жер үсті желдеткіш бүріккіш техникалары жұмыс жүргізеді.


Одан бөлек, Сарыағаш ауданының Әлімтау, Жылға және Дарбаза ауыл округтерінде 8 240 гектарда 1 дана АН-2 ұшағының қатысуымен химиялық күрес шаралары атқарылады. Ал, азиялық шегірткеге қарсы Созақ ауданында 11 500 гектар аумақта химиялық күрес шаралары жоспарланып отыр.


Биыл аса қауіпті үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары, фитосанитариялық іс-шаралар 10 ауданның 53 ауыл округтерінде жүргізіледі. Осы ретте іс-шаралардың тиімді жүргізілуін бақылау және үйлестіру мақсатында, инспекция тарапынан 40 мемлекеттік инспектор мен 19 қызметтік автокөлік жұмылдырылады.


Еске сала кетейік, 2022 жылы облыс көлемінде үйірлі марокко шегірткесіне қарсы 11120 гектар және үйірлі азиялық шегірткесіне қарсы 15 750 гектар алқапта «Локустин к.с.» және «Вантекс м.к.с» препараттарымен химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.