10 туристік соқпақ отандық және шетелдік туристерге сапалы қызмет көрсетіп келеді.
Түркістан облысында туризмді дамыту үшін жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Туризм саласы – өңірдегі басым бағыттардың бірі. Өңірде осы саланы дамыту үшін жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысында орналасқан ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік-рекрациялық мақсатта 30 туристік соқпақ пен маршруттар құрылған. Соның бірі – «Ақсу-Жабағылы» қорығы.
Қорық аумағында 10 туристік соқпақ отандық және шетелдік туристерге сапалы қызмет көрсетіп келеді. Бұл соқпақтар арқылы таулардың әсем табиғатын, өсімдіктер дүниесін тамашалап қана қоймай, жабайы жан-жануарлармен жиі ұшырасуға болады. Атап айтқанда, жабайы шошқа, Сібір тауешкісі, Түркістан сілеусіні сияқты тағы басқа аңдар осы қорық аумағында мекен етеді. Сондай-ақ мұнда сирек кездесетін жануарлар – Тянь-Шань қоңыр аюы, Сібір тау ешкісі, Тянь-шань және Қаратау арқарлары және қар барысын кездестіруге болады.
1926 жылы республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы құрылған. 2026 жылы қорыққа 100 жыл толады.
Мамандардың айтуынша, қорықтың фаунасы мен флорасы 2457 өсімдік пен жануардан тұрады. Қорықта құстардың 267 түрі, сүтқоректілердің 52 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 32 түрі, қосмекендердің 267 түрі кездеседі. Мұнда қорғауды қажет ететін жануарлар мен құстардың сирек түрлері кездесетін болғандықтан оларды қорғап, табиғи қалыпта сақтау мақсатында күзет инспекторлары қызмет етуде. Қорық аумағын 28 мемлекеттік инспектор күзетеді.
Атап айтсақ, 1 күзет қызметінің бастығы, 1 өрт сөндіру станциясының басшысы, 11 жедел топ мемлекеттік инспекторы бар. Сондай-ақ 1 байланыс инженері, 2 бас орманшы, 12 кордон инспекторы жұмыс істейді. Қорықта сұғанақтықпен күресу мақсатында рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі.
Сондай-ақ қорық кеңсесінде жабайы аң-құстарға арналған музей орналасқан. Өткен жылы қорық 2500 турист қабылдаған. Елімізден бөлек өзге шетелдерден туристер келген. Бүгінгі таңда Жабағылы ауылында қорықтың 10 адамға арналған қонақүйі мен жеке кәсіпкерлердің қонақүйлері жұмыс істейді. Әсіресе, жаз айларында туристердің саны артады.