Өсімдікті дәрілік шөп ретінде пайдаланатынын айтқан.
Түркістандық полицейлер «Қызыл кітапқа» енген алтын тамыр өсімдігін заңсыз жұлған ер адамды ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазығұрт аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері кезекті рейдтік-профилактикалық іс-шара кезінде сирек кездесетін «алтын тамыр» өсімдігіне ұқсас шөпті заңсыз теріп алған ер адамды анықтады. Яғни жергілікті тұрғын Қазығұрт ауданының шығыс жақ беткейіндегі таудан «Қызыл кітапқа» енген жойылу қауіпі бар өсімдікті заңсыз теріп алған.
«Аталған жайтты ҚР ҚК-нің 339-бабы 1-бөлігі «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» бойынша тіркеуге алды», - делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Күдікті аталған өсімдікті дәрілік шөп ретінде пайдаланатынын айтқан. Бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында оқиғаның толық мән-жайы анықталатын болады. Тиісті сараптама тағайындалған.