ТҮРКІСТАН: «Аманаттық» депутаттар өңірлік даму бойынша есеп берді

0
102

Бұл өкілді биліктің азаматтар сұранысына сай жұмыс істеуінің басты көрінісі.


ТҮРКІСТАН: «Аманаттық» депутаттар өңірлік даму бойынша есеп берді

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы депутаттардың есеп беру брифингтерін жалғастыруда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Мемлекет басшысы жариялаған реформаларды жүзеге асыруда мәслихаттардың рөлі айрықша. Сенім мандатына ие халық қалаулылары қоғам өміріндегі маңызды шешімдерге атсалысып, тұрғындардың талап-тілегін орындау бағытында бастамалар көтеруде. Бұл өкілді биліктің азаматтар сұранысына сай жұмыс істеуінің басты көрінісі.


«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы билік пен қоғам арасындағы маңызды көпір ретінде өз алаңында депутаттардың есеп беру брифингтерін жалғастыруда. Бүгінгі кездесуде Шардара аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев, Сарыағаш аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы және Қазығұрт аудандық мәслихатындағы әлеуметтік даму мен аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Мақсатбай Мауленов журналистер алдында есеп берді.


Сарыағаш аудандық мәслихатында 24 депутаттың 21-і «AMANAT» партиясының өкілдері.

«Жыл басынан бері 7 сессия өткізіліп, 75 шешім қабылданды. ІІІ-тоқсандағы сессияда аудан әкімінің есебі тыңдалып, онда депутаттар салық түсімдерін ұлғайту, жол құрылыстарының сапасын бақылау сияқты өзекті мәселелерге қатысты ұсыныстар айтты. Мәслихат бақылауына 6 шешім қойылған. Бюджет нақтыланып, әлеуметтік сала, инженерлік инфрақұрылым және ауылдық округтердің дамуына қаржы бағытталды. Депутаттық фракция жыл ішінде 4 отырыс өткізіп, Жол картасының орындалуы мен инвестициялық жобалар талқыланды», - деді Рысбек Асылбекұлы өз баяндамасында.


Шардара аудандық мәслихатында сегізінші шақырылымдағы 15 депутаттың 11-і «AMANAT» партиясынан. Биыл 9 сессия өткізіліп, 60 шешім қабылданған.

«19 мемлекеттік мекеменің есебі тыңдалып, арнайы уақытша депутаттық комиссия арқылы мекемелердің жұмысына талдау жүргізілді. Сонымен бірге, мәслихат депутаттары тұрғындардың өтініштері бойынша 50-ге жуық қабылдау өткізіп, 165 азаматтың мәселесін қарады. Оның 102-сі оң шешімін тауып, 63 тұрғынға кеңес берілді. Депутаттар тарапынан 27 депутаттық сауал жолданып, шешімдер бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деді өз кезегінде сөз алған Шардара аудандық мәслихатының төрағасы Бұлтпай Мүтәлиев.


Қазығұрт аудандық мәслихатындағы төрт тұрақты комиссияның қатысуымен 9 сессия өтіп, 48 шешім қабылданған. Бұл туралы аудандық мәслихаттағы тұрақты комиссия төрағасы Мақсатбай Арапбайұлы атап өтті.

«Депутаттар салааралық мәселелерді шешуде белсенді жұмыс атқарды. Халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бастамалар жүйелі түрде бақылауда. 83 депутаттық сауалға жауап беріліп, бірқатар мәселелер шешімін тапты. Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 3 ауыл округіндегі 7 көшеге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімі берілді. Бұл бастама облыстық ономастика комиссиясы тарапынан қолдау тапты»,- деді ол.


Брифинг барысында өңірлік БАҚ өкілдері тиісті аудандарға қатысты түрлі сауалдарды жолдады. Онда Сарыағаш ауданындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі, кеден бекетіндегі құрылыс жұмыстарының бүгінгі ахуалы, шипажайлардағы өзекті мәселе болып тұрған кәріз жүйесінің, аудандағы тазалық жұмыстарының жайы туралы сұрақтар қойылып, мәслихат төрағасы тарапынан мейілінше ашық жауап берілді. Шардара ауданы бойынша негізінен жаздыкүні орын алған су тапшылығының салдары және оның алдағы жағдайы, шаруалардың жайы талқыға салынды. Журналистер тарапынан Қазығұрт ауданының депутатына Ақбастау ауылындағы мектептің мәселесі, депутаттық корпустың ашықтығы бойынша сауалдар жолданып, толыққанды жауап алды.


«AMANAT» партиясы депутаттарының жүйелі жұмысы мен тұрғындар талаптарын орындау бағытындағы белсенділігі өңір дамуына және мемлекеттік реформалардың тиімді іске асуына үлес қосуда.

Бөлісу