Мақсат – қалаға кіреберіс көше бойындағы жасыл белдеуді қорғау әрі қаланың сәулеттік келбетін жақсарту.
Арыста республикалық акция аясында жасыл екпелер шарбақпен қоршалып, ағаштар ретке келтірілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Арыста «Таза өлке» апталығы қарқынды жүргізіліп жатыр. Оның ішінде, қала сәулетін бұзатын, иесіз қалған ескі ғимараттарды сүруден бастап, арық-атыздар мен каналдарды тазалау, жасыл екпе егу, оны күтіп ұстау секілді ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Мәселен, Арыс-Шымкент тас жолы бойына егілген жасыл екпені шарбақпен қоршау барысы. Бұл жұмыстарды «Жасыл Арыс» КММ-нің мамандары асқан ыждахатпен істеуде. Ағаштарды тиісті өлшеммен біркелкі етіп қырқудан бастап, оның сыртын сырлау, орнатуға дейін мекеме қызметкерлері өздері жасауда. Мақсат – қалаға кіреберіс көше бойындағы жасыл белдеуді қорғау әрі қаланың сәулеттік келбетін жақсарту.
Бұдан бөлек, тас жол бойында ағаштардың қураған бұталарын қырқу, ретке келтіру жұмыстары да басталды. Бұл шара ең бірінші кезекте облыстық маңызы бар жол бойындағы жолаушылар мен автокөлік жүргізушілерінің қауіпсіздігі үшін қолға алынды. Сондай-ақ қараағашқа тән ауру ошақтарының таралуын болдырмауға көзделген. Бұл жұмыстарды «Qazaq Real Stroi» ЖШС жүргізуде.
Мұндай жүйелі қырқу жұмыстары зиянкестердің азаюына ықпал етеді, сондай-ақ жас өскіндердің өсуіне сеп болатыны анық.