ТҮРКІСТАН: Әуесқой футбол командалары арасындағы чемпион анықталды

0
52

Оған облыстың 170 командасынан 3 200-ге жуық ойыншы қатысты.


ТҮРКІСТАН: Әуесқой футбол командалары арасындағы чемпион анықталды

Түркістан облысының әуесқой футбол командалары арасындағы чемпионы анықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында футболдан әуесқой командалар арасында облыс чемпионаты екінші рет ұйымдастырылып, жоғары деңгейде қорытындыланды. Аталған бәсеке өңірдегі бұқаралық футболды дамытуға және әуесқой командалардың шеберлігін арттыруға бағытталған.

Чемпионаттың алғашқы — аймақтық кезеңінде ауылдық округтердің командалары өзара бақ сынады. Оған облыстың 170 командасынан 3 200-ге жуық ойыншы қатысты.

Ал екінші — облыстық кезеңде Түркістан облысындағы 3 қала мен 14 ауданның құрама командалары төрт топқа бөлініп, үздіктерді анықтады. Топтық кезеңнің қорытындысы бойынша Мақтаарал, Шардара, Арыс, Қазығұрт, Ордабасы, Түлкібас, Түркістан және Сауран командалары келесі кезеңге жолдама алды.

Үшінші орын үшін өткен кездесуде Түлкібас командасы Ордабасы құрамасын 2:0 есебімен жеңіп, чемпионаттың қола жүлдесін иеленді.

Ал ақтық сында Мақтаарал мен Түркістан командалары кездесті. Чемпионаттың шешуші ойыны облыс орталығындағы «Түркістан Арена» стадионында өтіп, жанкүйерлерге тартысты ойын сыйлады.

Финалдық кездесуді Түркістан облысының футбол федерациясының президенті Нұралы Әбішов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров және спорт саласының бірқатар жанашыры тамашалап, әуесқой футболшыларға қолдау көрсетті.

Шешуші матчта Мақтаарал командасы Түркістан қаласының құрамасын 3:1 есебімен жеңіп, Түркістан облысының әуесқой футбол командалары арасындағы чемпионы атанды.

Осылайша, Мақтаарал құрамасы чемпиондық атақпен қатар, Қазақстан Республикасы чемпионатына қатысуға жолдама алды.

Чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ауыспалы кубокпен және медальдармен марапатталды.

Турнирдің өтуі өңірдегі әуесқой футболдың дамуына жаңа серпін беріп, ауылдық округтер мен аудан-қала командалары арасындағы бәсекелестікті арттыра түсті.

Бөлісу