Түркістан әуежайында ерекше музыкалық іс-шара өтті

0
274

Көпшілік шынайы алғыс білдіріп, ерекше әсермен тарқасты.


Түркістан әуежайында ерекше музыкалық іс-шара өтті

Түркістан халықаралық әуежайында көпшіліктің жүрегін елжіреткен ерекше мәдени іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


2025 жылғы 26 мамыр күні Түркістан халықаралық әуежайында көпшіліктің жүрегін елжіреткен ерекше мәдени іс-шара өтті. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 2035 жылға дейінгі «Оқушылардың тұтас дамуы» стратегиясы аясында ұйымдастырылған бұл бастама Түркістан қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қатысқан дәстүрлі «Домбыра» жобасының жарқын көрінісі болды.


Әуежайға келген жолаушылар мен қонақтар таңғаларлық көрініске куә болды – 100-ге жуық оқушы бір мезетте қазақ халқының рухани қазынасы саналатын «Кеңес», «Нәрағашы», «Келіншек», «Тепеңкөк», «Балбырауын», «Ертұран» сынды күйлерді орындап, әуежай ішін күйге толтырды.


Домбыраның күмбірлеген үні тек музыкалық көрініс қана емес, көрермендердің жүрегіне ұлттық рух, тәрбие мен мақтаныш сезімін ұялатты. Күтпеген жердегі бұл өнер шоғы әуежай жолаушылары үшін нағыз мәдени тосынсый болды. Көпшілік шынайы алғыс білдіріп, ерекше әсермен тарқасты.


Іс-шара оқушылардың өнер арқылы рухани-адамгершілік құндылықтарды меңгеруіне, ұлттық мұраға деген құрметін арттыруға бағытталған. Бұл тек концерт емес – болашақ ұрпақтың ұлттық рухпен тәрбиеленіп келе жатқанының жарқын дәлелі.

Бөлісу