ТҮРКІСТАН: «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 200-ден астам жоба қолға алынған

0
263

Жыл қорытындысымен 152 жобаны пайдалануға тапсыру жоспарланған.


ТҮРКІСТАН: «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 200-ден астам жоба қолға алынған

Түркістан облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 200-ден астам жоба жүзеге асуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте «Ауыл – Ел бесігі» жобасының орындалу барысы талқыланды. Облыс әкімі жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне мемлекет бөлген қаржыны тиімді жұмсауды тапсырды.


«Ауыл – Ел бесігі» жобасын сапалы жүзеге асыру керек. Бұл жоба елді мекендердің инфрақұрылымы мен тұрғындардың өмір сапасының жақсаруына тікелей әсер етеді. Сондықтан аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшылары бірлесіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеуі тиіс. Қаржы уақтылы игеріліп, құрылыс өз мерзімінде аяқталуы қажет. Қаржы бар, ауа райы қолайлы, жұмысты жалғастырыңыздар», – деген Дархан Сатыбалды құрылысы кешеуілдеген нысандар тіркелген аудан, қала әкімдерінің есептерін тыңдап, сын-ескертпе айтты. Жұмысты жандандыруды тапсырды.


Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, биыл Түркістан облысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 181 елді мекенде 213 жобаны іске асыруға 29,5 млрд. теңге бөлінді. Олардың арасында өтпелі нысандар да бар. Құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша 156 жаңа жобаның 153-іне жеңімпаз мердігер анықталып, келісімшарттар жасалған. Биылғы 1 қарашаға жоспарланған 23,6 млрд. теңгенің 20,6 млрд. теңгесі игерілді немесе жоспар 87,2 %-ға орындалған.


Жыл қорытындысымен 152 жобаны пайдалануға тапсыру жоспарланған. Биыл 1 қарашадағы жағдайға 27 жоба пайдалануға қабылданса, 125 жоба енді аяқталады. Өтпелі жобалар бойынша биылғы жылдың 1 қарашасына жоспарланған 9,6 млрд. теңгенің 7,8 млрд. теңгесі игерілді немесе жоспар 80,7 %-ға орындалған.


Жиын соңында өңір басшысы аудан-қала әкімдеріне бұл жұмыстарды жылдам аяқтап, жұмысты жандандыру керектігін ескертті. Жобаның орындалуы тұрақты бақылауға алынған.

Бөлісу