ТҮРКІСТАН: Азық-түлік бағасын реттеу үшін төмен пайызбен несие беріледі

0
1 147

Ірі супермаркеттер мен өндірушілерге жылдық 0,01% пайыздық мөлшерлемемен бір жылға несие беріледі.


ТҮРКІСТАН: Азық-түлік бағасын реттеу үшін төмен пайызбен несие беріледі

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тиісті қорын қалыптастырып, бағасын реттеу мақсатында бірнеше бағытта жұмыстар атқарылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ірі супермаркеттер мен өндірушілерге жылдық 0,01% пайыздық мөлшерлемемен бір жылға несие беріледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметін өткен брифингте облыстық Кәсіпкерлер әлеуметтік палатасының директоры Бағлан Жұмашбеков мәлімдеді.

Оның айтуынша, қорға қажетті тауарларды сатып алу бойынша 650 млн. теңгеге жуық қаржы қарастырылған.
«Айналым қаражаты» жобасын жүзеге асыру аясында бірінші кезекте Түркістан, Кентау және Арыс қалалары әкімдіктерінің ұсынған 10 кәсіпкерлік субъектілеріне несие беру мәселесі пысықталуда. Несие ірі супермаркеттер мен өндірушілерге жылдық 0,01% пайыздық мөлшерлемемен бір жылға беріледі. Несие «Түркістан» ӘКК «АҚ депозитіне салынған қаражат есебінен беріледі. Несие беру кезінде бағаны тұрақтандыруға Түркістан облысының әкімдігі бекіткен шекті мәндермен белгіленген бағадан 10% төмен ұстап тұру арқылы қол жеткізіледі», – деді Бағлан Шәймерденұлы.
Бұдан бөлек Тұрақтандыру қорымен мемлекетік сатып алу жұмыстарын атқарылуда. Сатып алу бойынша 1 500 тонна (күріш, бірінші сұрыпты ұн, қарақұмық, күнбағыс майы, рожки, картоп, асханалық сәбіз) шамасында азық-түлік тауарларын мемлекеттік сатып алуға тиісті конкурс жарияланған.
«Түркістан» ӘКК» АҚ Түркістан қаласының әкімдігімен, Түркістан облысының ауылшаруашылық басқармасымен, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектімен Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағаларын тұрақтандыру бойынша бірлескен қызмет туралы келісім жасалған. Осы келісім аясында тауарлардың бағасының көтерілуін болдырмауға және азық-түлік тауарларынын үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен шаралар кешені жоспарланған.