ТҮРКІСТАН: Бекзаттықтар мұқтаждарға жыл сайын 2 үй сыйлайды

0
389

Тұрмыстық техникалармен жабдықталған 4 бөлмелі үй табысталды.


ТҮРКІСТАН: Бекзаттықтар мұқтаждарға жыл сайын 2 үй сыйлайды

Түркістандық жастар мұқтаж отбасыға баспана сыйлады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қасиетті Рамазан айында ізгі амал жасау түркістандық жастар арасында дәстүрге айналған. Жылдағы үрдіс бойынша «Бекзат» мөлтек ауданының 1994 жылы туған ер азаматтары бас қосып, баспана салған болатын. Бүгін тұрмыстық техникалармен жабдықталған 4 бөлмелі үй Асылбековтар отбасына табысталды.


Құрбанәлі Серікбайұлы мен Мөлдір Фархатқызы 9 перзентімен бірнеше жылдан бері пәтер жалдап күнелтіп келген. Өз кезегінде қайырымды істің шарапатын көрген жанұя жақсылыққа жаны құмар жандарға алғысын білдірді.


Баспананың лентасын қию құрметіне ауыл ақсақалы Дәулеткерей Оспанов пен Ер Бекзаттың анасы Сырлыкүл Адырбекқызы ие болды. Қалалық мәслихат депутаттары Жандос Арыстанов, Жанбота Тағайбаев, ел ағалар Нұрғали Шерімбетов және Бағдат Қалмурзаев құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін арнады.


«Құрылыс жұмыстарын түгелдей өзіміз жүргіздік. Ақылдаса келе жаңа үйді көпбалалы отбасыға сыйлауды жөн санадық. Баспаналы болып, төбесі көкке екі елі жетпей тұрған отбасы мүшелерінің жүзіндегі қуанышты көріп, марқайып қалдық. Көпшілікпен жиналған қаражатқа үйді заман талабына сай етіп тұрғыздық. Ат салысқан барлық азаматтарға, демеушілерге Алла разы болсын. Бұл осы күнге дейін мұқтаж отбасыларға арнап салынған 18-үй”, — деді ұйымдастырушылардың бірі Бексұлтан Әбішов.


Айта кетейік, Бекзат Саттарханов атындағы мөлтек ауданының 1982 жылы туған азаматтары 20 жылдық түлектер кездесу кешінде мұқтаж жанұяға баспана сыйлаған болатын. Аға буын елге тағзым жасауда жастарға осылайша үлгі көрсеткен. Бұл дәстүр биыл 1987 жылғы азаматтарға жетіп отыр.


Бұдан бөлек, 1988 туған азаматтар да Әз-Наурыз мерекесі қарсаңында бір отбасының баспаналы болуына себепші болған. Енді 1994 жылы туған жігіттер де кезек келіп Наурыз-думан тойын ұйымдастырып, қайырымдылық эстафетасын жалғастырған. Жылдағы санақ бойынша келесі жылы 1995 жылғы азаматтар игі істі жалғастырмақ.

Бөлісу