Өңірдегі білім сапасының қазіргі жағдайы сараланып, нақты міндеттер айқындалды.
Түркістан облысында білім сапасын арттыруға бағытталған нақты міндеттер айқындалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласын дамытуға қатысты бастамаларын жүзеге асыру және Тамыз конференциясында айтылған тапсырмаларын орындау жолдары талқыланған кеңейтілген мәжіліс өтті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжіліске аудан, қала әкімдері, білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары, жоғары оқу орындарының өкілдері, білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің мамандары, ардагер ұстаздар мен сала сарапшылары қатысты. Мазмұнды баяндамалар жасалып, мәселелер көтерілді және оны шешу жолдары қаралды. Өңірдегі білім сапасының қазіргі жағдайы сараланып, нақты міндеттер айқындалды.
Өңір басшысы білім саласына жауапты басшылар мен мектеп директорларына нақты тапсырмалар мен ұсыныстар берді. Білім сапасын арттырудың бірыңғай жүйесін қалыптастыратын кешенді жоспар әзірленіп, облыс әкімі жанынан Білім сапасы жөніндегі өңірлік кеңес құрылады. Сондай-ақ әр мектептің білім нәтижесін қамтитын «Білім сапасы – Түркістан» бірыңғай цифрлық мониторинг жүйесін енгізу, ҰБТ нәтижесі төмен мектептермен жұмысты күшейту, біліктілікті арттыру курстарының тиімділігін бағалау және функционалдық сауаттылықты күнделікті сабақтың негізгі бөлігіне айналдыру тапсырылды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім саласына әрдайым айрықша көңіл бөліп, ұстаздарға қолайлы жағдайлар жасалып келеді. Ендігі кезекте білім сапасын арттыру – басты міндет. Білім саласына жауапты басшылар мен мектеп директорлары ұстаздардың сапалы білім істеуіне тиісті жағдай жасаулары қажет. Ал ұстаздарымыз бар зейінін шәкірт тәрбиелеуге бұрып, көшбасшыларды даярлауға күш салулары тиіс. Сондықтан бүгінгі мәжілісте айтылған ұсыныстар назарға алынып, жұмысты ширатқан жөн. 2026-2029 жылдарға арналған өңірлік білім сапасын арттырудың кешенді жоспарын әзірлеп, облыс әкімдігі жанынан Білім сапасы жөніндегі өңірлік кеңес құруды тапсырамын. Ең маңызды мәселе – педагог кадрлардың сапасы. Сондықтан педагогтардың білім сапасын арттыру бағытында бірлесіп, жүйелі жұмыстар жүргізу – уақыт талабы. ҰБТ нәтижесі төмен мектептермен жаңа нұсқада жұмыс істеуді, біліктілікті арттыру курстарының тиімділігін бағалау жүйесіне енгізуді, функционалдық сауаттылықты күнделікті сабақтың негізгі бөлігіне айналдыруды, PISA және білім беру жетістіктерін мониторингілеу форматындағы тапсырмаларды күнделікті оқу сабаққа енгізуді тапсырамын. Ұстаздар қауымына үлкен міндет жүктеліп отыр. Ол міндетті абыроймен атқару – ел алдындағы абыройлы парыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында Білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов баяндама жасап, өңірдегі білім сапасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды. Атап айтқанда, ҰБТ, PISA, ББЖМ, мектепішілік бағалау нәтижелері, педагогтердің кәсіби деңгейі және білім беру ұйымдарының көрсеткіштері бойынша талдау ұсынылды.
Облыста бүгінде 1 106 білім беру ұйымында 550 мыңнан астам оқушы білім алуда. 2026 жылғы ҰБТ-ға 35 754 түлектің 29 726-сы қатысып, оның ішінде 10582 түлек мемлекеттік білім грантының иегері атанды. Өңір бойынша ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 64,83 балды құрады. Халықаралық PISA зерттеуінің 2022 жылғы нәтижелері бойынша облыс оқушылары математикадан 389, оқу сауаттылығынан 347, жаратылыстану бағытында 389 балл жинаған.
Талдау нәтижесінде ең төменгі көрсеткіштер Келес, Сайрам, Ордабасы және Сарыағаш, аудандарында тіркелді.
Педагогтердің кәсіби даярлығына қатысты көрсеткіштер де сараланды. Облыста 66 943 педагог еңбек етеді. 2025 жылы педагогтердің білімін бағалауға 25 761 өтініш түсіп, тестілеуге 23 555 педагог қатысқан. Оның 8 604-і немесе 36,5 пайызы белгіленген шектік деңгейден өткен.
Мәжілісте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласына көрсетіп отырған қолдауы мен тапсырмаларына сәйкес білім сапасын арттыру жұмыстарын жүйелі жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Әсіресе ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын азайту, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру және әр оқушыға сапалы білім алуға мүмкіндік жасау бағыттарына басымдық берілді. Сонымен қатар 2027 жылдан бастап білім бөлімдерінің аудан және қала әкімдіктеріне берілетініне назар аударылды. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың білім сапасына қатысты жауапкершілігін күшейту қажеттігі айтылды.
Мәжілісте Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Камилла Ауанасова, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, білім саласының тәуелсіз сарапшысы, Халықаралық EdCrunch конференциясының негізін қалаушы Нұрлан Қиясов және облыстық білім саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Нышан Байғұтов баяндама жасап, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
Түркістан облысында білім сапасын көтеру, білім ұяларының инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.


