ТҮРКІСТАН: Дулат Исабеков Арыс тұрғындарымен кездесті

0
894

Әлемге әйгілі болған шығарманың жазылуына қатысты қызықты деректерді баяндады.


ТҮРКІСТАН: Дулат Исабеков Арыс тұрғындарымен кездесті

Әйгілі жазушы Дулат Исабеков арыстықтармен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазақ және әлем әдебиеті мен мәдениетіне өзіндік өрнек салған дара дарын иесі жазушы, драматург Дулат Исабеков туған жері — Арысқа ат басын бұрып, ауылдастарымен кездесті.


«Ардагерлер орталығында» өткен кездесуге Арыс қаласының әкімі Г.Құрманбекова мен әкімдік аппаратының өкілдері, қалалық ардагерлер ұйымы мен «Әжелер алқасының» мүшелері және бір топ арыстық оқырман қатысты.


Абыз ақсақал Дулат Исабеков пен ауылдастарының кездесуі емен-жарқын әңгімемен өрілді. Әлем мен ауылдың арасында жүріп өткен жолының алғашқы баспалдағы осы Арыс атырабынан бастау алатындығын тебірене еске алған ол бастан өткерген естеліктерімен бөлісті.


Айта кетейік, санаулы күн бұрын Түркістан музыкалық драма театрында Дулат Исабековтың «Бөрте» спектаклінің премьерасы басталды. Автор аз уақытта әлемге әйгілі болған шығарманың жазылуына қатысты қызықты деректерді баяндады.


Ал, қала әкімі Гүлжан Құрманбекова туған жерге арнайы келген Дулат Исабековке алғыс айта отырып, арыстық ардагерлер атынан иығына шапан жапты.


Сол сияқты басқосуда ардагер, қаланың «Құрметті азаматы» Оразхан Арыстанбаев пен ардагер ұстаз, қалалық ардагерлер ұйымының мүшесі Қоныс Балқыбеков, қалалық «Әжелер алқасының» жетекшісі, «Батыр ана» Өрікгүл Елубаева да сөз сөйлеп, пікір білдірді. Жерлестерін рухани серпілткен жазушы оқырман қауыммен қауышқанына қуанышты екенін жеткізді.