Жарыстың ашылу салтанатына аудан басшылары мен ардагер спортшылар қатысып, жас дзю-дошыларға сәттілік тіледі.
Екі күнге созылған боз кілем мықтыларының додасына Түркістан облысы мен Шымкент қаласының барлық қала, аудандарынан 420-ға тарта палуан қатысты деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Қыркүйек айының 15-17 күндері аралығында Шардара қаласының орталық спорт кешенінде Түркістан облыстық №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен Шардара аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің жастар айлығы аясында «Жастар спортпен бірге» ұранымен дзю-до күресінен жасөспірімдер арасында ұйымдастырған «ШАРДАРА КУБОГЫ – 2019» жарысы өз мәресіне жетті.
Аталмыш жарысқа Түркістан облысы мен Шымкент қаласының барлық аудан, қалаларынан 420-ға тарта спортшы ұл-қыздар қатысып, ұлдар 20 салмақ дәрежесінде, ал, қыздар 7 салмақ дәрежесінде күш сынасты.
Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан аудан басшылары мен ардагер спортшылар қатысты.
«Спорт – денсаулықтың кепілі. Салауатты, сауатты жастар тәуелсіз еліміздің болашағы. Бұл мақсатта біздің ауданымызда көптеген игілікті істер атқарылып жатыр. Спорт алаңшаларын іске қосып, бұқаралық спортты дамытуға барынша көңіл бөліп отырмыз. Бүгінгі жарыста баршаңызға сәттілік тілеймін. Шын мықтылар жеңіс тұғырына көтерілсін» деген аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
2003 – 2004, 2005 – 2006 жылғы жасөспірімдер арасында өткен байрақты бәсекенің қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте Түркістан қаласы жүлделі ІІІ орынды иеленсе, Шардара ауданының палуандары ІІ орынға табан тіреді. Ал, Төлеби ауданынан келген дзю-дошылар жарыстың жеңімпазы атанып, І орынды қанжығаларына байлады. Жеңіс тұғырына көтеріліп, мерейі үстем болған барлық спортшылар ұйымдастырушылар тағайындаған бағалы сыйлықтармен, арнайы дипломдармен марапатталды.