ТҮРКІСТАН: Кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар ашық диалог алаңында пікір алмасты

0
114

Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекет пен кәсіпкерлік субъектілері арасындағы кері байланысты нығайту, бизнесті реттеу мәселелерін ашық талқылау және өзекті мәселелерді бірлесіп шешу.


ТҮРКІСТАН: Кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар ашық диалог алаңында пікір алмасты

Түркістанда кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар ашық диалог алаңында пікір алмасты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында бақылау-қадағалау органдарының бизнес-қауымдастық алдындағы кезекті «Бірыңғай есеп беру күні» өтті. Іс-шара Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл сайын өңірлерде ұйымдастырылады.

Басқосуға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек, құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің басшылық құрамы, бақылау-қадағалау органдарының өкілдері және өңір кәсіпкерлері қатысты.

Жиында алғысөз алған облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өңір экономикасының 2026 жылдың 8 айындағы негізгі көрсеткіштері мен атқарылып жатқан жұмыстаоға тоқталды.

– Бұл кездесу – кәсіпкерлер мен бақылау және қадағалау органдары арасындағы кері байланысты нығайтуға жақсы мүмкіндік. Түркістан облысы әкімдігі жұмысының күн тәртібіндегі негізгі мәселелерінің бірі – өңірдегі бизнес климатты және инвестициялық ахуалды жақсарту. Шағын және орта бизнес кез-келген ел экономикасының негізгі драйвері. Бизнесті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындары құрылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы арта беретін болады. Биыл 8 айдың қорытындысымен облыс экономикасының барлық салалары бойынша оң өсімге қол жеткізілді. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 27,9%-ға ұлғайып, 1 189,7 млрд теңгені құраса, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 41,5%-ға артып, 588,8 млрд теңгеге жетті. Өңір экономикасына 1 135,5 млрд теңгеге инвестиция тартылып, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 134,4%-ға артты. Жалпы 2026-2029 жылдар аралығында жүзеге асырылатын құны 2,8 трлн теңгеге 122 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Нәтижесінде, 17 820 жұмыс орны құрылады. Биыл 369,4 млрд теңгеге 67 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған болса, 8 айдың қорытындысымен 36,1 млрд теңгеге 20 инвестициялық жоба іске қосылды. Нәтижесінде, 631 жұмыс орны ашылды. Кәсіпкерлерге қолдау көрсету – әкімдік жұмысының басты бағыттарының бірі. Қабылданып жатқан шаралар облысымыздың бизнес климатын жақсартуға бағытталған. Кәсіпкерлікпен айналысамын, бизнесті кеңейтемін, инвестиция саламын деген кәсіпкерлерді біз әрқашан қолдаймыз, – деді Қанат Қайыпбек.

Бүгінде Түркістан облысы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің шоғырлануы бойынша республикадағы алғашқы үш өңірдің қатарында. Қазіргі таңда облыста 200 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді.

Облыс әкімдігі тарапынан өңір кәсіпкерлерінің жобасын қаржылай қолдау, өндіріс орындарын қажетті инфрақұрылыммен қамту жұмыстары тұрақты жүргізуде. Осы жылдың ішінде кәсіпкерлерге «Іскер Аймақ» және «Өрлеу» бағдарламалары арқылы берілген жеңілдетілген несиелер көлемі 4,6 млрд теңгені құрады. Ал , инфрақұрылымдық қолдау бойынша 1 931 гектарды құрайтын 21 индустриалды аймақтар, 1 450 гектарға орналасқан арнайы экономикалық аймақтар қызмет етеді. Бұл аймақтар барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген, арнайы экономикалық аймақтарда салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Бүгінгі таңда бұл аймақтарда 446,9 млрд теңгеге 138 жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар кәсіпкерлер үшін уақыт пен қаражатты үнемдеу мақсатында облыс аумағында шағын өндірістік парктер салынып, жаңа кәсіпорындар іске қосылуда.

Кездесу барысында облыстық Полиция департаменті, Мемлекеттік кірістер департаменті, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері бизнесті қолдау және қорғау бағытындағы жұмыстар туралы баяндама жасады.

Ашық алаңда кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, жауапты мемлекеттік органдарға сауалдарын қойды. Құзырлы органдар тарапынан тиісті жауаптар берілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекет пен кәсіпкерлік субъектілері арасындағы кері байланысты нығайту, бизнесті реттеу мәселелерін ашық талқылау және өзекті мәселелерді бірлесіп шешу.

Жиын қорытындысы бойынша көтерілген мәселелер хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы бақылауға алынды.

Бөлісу