Қазіргі таңда үш ауысымдық мектептер ауданда жоқ.
Келес ауданында 10 мектептің құрылысы жоспарлануда, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы Келес ауданында 63 білім ошағы бар, онда 2020/21 жылғы оқу маусымына 32 634 оқушы білім алады жоспарланған. Бір қуантарлығы қазіргі таңда үш ауысымдық мектептер ауданда жоқ. Дегенмен бала санының жыл сайын өсуінің нәтижесінде, аудандағы 2 мектептің үш ауысымға өтіп кету қаупі бар. Аталған мәселені туындатпау үшін осы бастан әрекеттенген аудандық білім бөлімінің өкілдері, жоғарыда аталаған 2 мектептің сметалық құжаттарын жасақтап облыстық тиісті басқармаларға жолдаған. Ал ыңғайластырылдған мектептерді негізгі мектепке ауыстырып, жаңарту бағытында Ақтөбе ауылдық округіндегі А.Оразбаева және Біртілек ауылдық округінде Еркіндік мектебінің құжаттары бітіп, тиісті қаржылары қаралғанын аудандық Білім бөлімінің басшысы Б.Абдиев мәлімдеді.
«63 мектептің ішінде 2 мектеп, яғни Ошақты ауылдық округіндегі №46 Абай жалпы орта мектебі мен Қошқарата ауылдық округіндегі №25 С.Сейфуллин мектебі 3 ауысымға өтіп кетуі қауіпі туындап тұр. Аталған мәселені алдын алу мақсатында сол мектептерге сметалық құжаттары жасалып, облыстық тиісті басқармаларға қаржы бөлдіру үшін тапсырылды. Алдағы уақытта қаржы бөлінсе, тездетіп құрылыс жұмыстарын жүргізу арқылы мәселе туындаудың алдын алмақпыз. Сонымен қатар, жаңа білім ошақтарын салуға жалпы 10 мектептің сметалық құжаттары дайын тұр», - дейді Б.Абдиев.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда ауданда жергілікті бюджеттен «Оқушылар үйі» және Республикалық жобалар «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламалары арқылы 2 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатқан болса, қалған мектептердің барлығы ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Ал Қошқарата ауылдық округіндегі №29 мектеп пен Ақтөбе ауылдық округіндегі Р.Қошқарбаев мектептері жаңадан салынып жатыр. Ол мектептер келесі жылы пайдалануға беріледі.