Қазір келестіктер ойсылқара төлін еселеп қана қоймай, тұқымын асылдандыруға көшкен.
Келес ауданында түйе шаруашылығы дамып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бүгінде Келес ауданында төрт түліктің төресі - түйе басы көбейіп келеді. Қазір келестіктер ойсылқара төлін еселеп қана қоймай, тұқымын асылдандыруға көшкен. Солардың бірі - Мархабай Есіркепов. Ол 2022 жылы мемлекеттен 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алып, түйе сатып алған. Бүгінде шаруадағы түйе саны 40-қа жеткен. Кәсіпкер түйе сүтін сатумен айналысып отыр.
«Біздің жұрт шұбаттың емдік қасиетін ежелден білген. Баяғының адамдары бауыр, өкпе ауруларын, асқазан мен ішек жолдарына жел байланып, ас қорыту нашарлағанда шұбатпен емдеген. Бүгінде атакәсіп өнімнің бірі – шұбаттың құнарын арттырып, жаңа деңгейге көтеру жобасымен шұғылданып жүрмін. Алдағы уақытта жобамды іске асырып, ауыл халқын жұмыспен қамту жоспарымда бар», – дейді кәсіпкер.
Айта кетейік, Келес ауданы негізінен аграрлы өңір болғандықтан мұнда егін және мал шаруашылығы дамыған. Аудандағы жалпы жердің аумағы – 345 129 гектарды құраса, оның 206 396 гектары жайылым жер. Статистикалық мәліметке сай, ауданда жалпы 424 942 бас мал бар.