ТҮРКІСТАН: ХҚТУ-да Лесбек Ташимов атындағы дәрісхана ашылды

0
338

Ректор Лесбек Ташимовтың білікті басшы, іскер азамат және мәмлегер тұлға болғанын айрықша атап өтті.


ТҮРКІСТАН: ХҚТУ-да Лесбек Ташимов атындағы дәрісхана ашылды

Түркістандағы оқу орнында академик Лесбек Ташимов атындағы дәрісхана ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде ҚР ҰҒА академигі, қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы Лесбек Ташимов атындағы дәрісхана ашылды. Шараға Өкілетті Кеңес төрағасы Мухиттин Шимшек, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, университет ректоры Жанар Темірбекова, ғалымның жанұясы мен әріптестес достары, университет ұжымы мен студенттер қатысты.


Жиын Лесбек Ташимов туралы әзірленген арнайы бейнероликпен басталды. Университетке ғана емес Түркістан облысына өлшеусіз үлес қосқан ерен азамат жайлы Бейсенбай Тәжібаев та сөз қозғады. Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді деген қанатты сөз Лесбек Ташимовтай арда азаматқа арнап айтылғанын атады. Ғалымның сол уақыттағы Оңтүстік Қазақстан облысындағы ғылым, білім, басқа да өзекті мәселермен тікелей айналысқанын жеткізді. Осындай біртуар тұлғаны ұлықтап, арнайы дәрісхана ашып жатқан университет басшылығына, Ташимовтар әулетіне алғыс білдірді.


Университет ректоры Жанар Темірбекова оның оқу орданы ұзақ жылдар бойы басқарып, оның өсіп-өркендеуінде еңбегі орасан зор болғанын айтты. Ғылымды жанындай сүйетін, тау тұлғаның еңбек жолы баршаға үлгі екенін, университет ұжымы оның елеулі еңбегін естен шығармағанын тілге тиек етті. Ректор Лесбек Ташимовтың білікті басшы, іскер азамат және мәмлегер тұлға болғанын айрықша атап өтті.


Айтулы жиынға Түркия Республикасынан арнайы келген Мухиттин Шимшек досы әрі әріптесі болған академик жайында жылы естіліктерімен бөлісті. Ғалымның атымен мұндай дәрісхананың ашылуы – өте маңызы бар іс екенін айтты. Сондай-ақ, Лесбек Ташимовтың ағасы Жанұзақ Тоқыбетов, әріптесі Шәріпбек Жамалбеков, профессор, математика және математикалық модельдеу институтының директоры Махмуд Садыбеков естеліктерін ортаға салып, алғыстарын жеткізді.


Айта кетейік, Лесбек Ташимов – 1997-1998 жылдар аралығында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президентінің кеңесшісі, 1998-2003 жылдары университеттің Шымкент бөлімшесінің директоры, 2003-2004 жылдары ХҚТУ Шымкент институтының директоры қызметін атқарған. Ал 2008-2013 жылдары осы оқу орданың ректоры ретінде абыройлы еңбек еткен болатын.