Елімізде 400-ден астам ірі іс-шара өтеді.
Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған іс-шаралар жоспары талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Сенат депутаттары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің басшылығы, өңірлердің ішкі саясат/қоғамдық даму басқармаларының, «Қоғамдық келісім» КММ, ҚХА қоғамдық құрылымдарының және республикалық этномәдени бірлестіктердің басшылары, сарапшылар қатысты.
Кездесуде белгілі болғандай, Ассамблеяның 30 жылдығы аясында елімізде 400-ден астам ірі іс-шара өтеді. Мерейтойлық іс-шаралар 2025 жылдың 1 наурызында (ҚХА құрылған күні) басталады.
Жиын барысында бейнебайланыс арқылы Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева Ассамблеяның 30 жылдығы аясында өңірде іске асырылатын жобаларды таныстырды.
Оның айтуынша, мерейлі мерекеге орай облыс әкімдігінің қолдауымен өңірде 58 ірі іс-шара жүзеге асырылады. Оның ішінде ел бірлігін нығайтуға серпін беретін бірнеше тележобалар, қоғамдық-көпшілік, спорттық және жастарға арналған ауқымды іс-шаралар бар.
Бұл ретте, ҚХА-ның қызметін дәріптеуге, халық арасында кеңінен насихаттауға арналған «Достық мекені», «Өскен өңір», «Жол-жөнекей», «Көзқарас», «Жақсы көрші тынысың», «Жаңа қала» тележобалары, ауылдардың тыныс-тіршілігін, шаруалардың еңбегін, кәсіпкерлердің кәсібін көрсетуді мақсат еткен «ТҮРКІСТАН VIBE» реалити шоуы жүзеге аспақ.
Мерейтойлық жылға байланысты этнос жастары арасында «Спорт – достық алаңы!», «Шынықсаң шымыр боласың!», «Спорт – достықтың жаршысы!» сайыстары өткізіледі. Этнос өкілдері тығыз шоғырланған Мақтаарал ауданында «Футбол академиясы» ашылады.
– Жастарды қолдау – Ассамблеяның негізгі бағыттарының бірі. Әр салада еңбек етіп, жетістіктерге жетіп жүрген жастар туралы «Біздің буын» тележобасы, жастардың қатысуымен «Ой дода», «Кім білгір», «Ақыл-ой» интеллектуалды ойындары, «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» пікірталас алаңы, әскери-патриоттық «Жас сарбаз» байқауы ұйымдастырылады. Сонымен бірге түркі халықтарының әсем әуендері шырқалатын және олардың шығу тарихы насихатталатын «МУЗ-Life» («Turk music») және өнерлі, талантты этнос жастарын қолдауға бағытталған TURKISTAN LAND тележобалары іске асырылмақ, – деді Эльмира Жанғазиева.
Бұдан бөлек, «Салауатты сана» жобасы аясында қоғамдағы бес кеселмен жүйелі күрес жүргізу, оның алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған «Шипа» тележобасы іске асады.
ҚХА-ның «Елтану» мәдени-ағарту жобасы аясында этнос жастарын патриоттық рухта тəрбиелеу мақсатында «Тарихи таным», «Достық керуені» экскурсияларын, «Созақтан Түркістанға» жаяу экспедициясын, облыстық Ассамблеяның құрылып, қалыптасуына үлес қосқан азаматтар туралы арнайы кітап шығару жоспарланған.