ТҮРКІСТАН: Көкпардан республикалық жарыс басталды

0
206

Жарыс жауапты министрлік бекіткен командалық көкпар ережесі бойынша өтіп жатыр.


ТҮРКІСТАН: Көкпардан республикалық жарыс басталды

Түркістан облысында көкпардан республикалық жарыс басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ат спортының ардагері, КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы, Түлкібас ауданының құрметті азаматы Әбілхан Дауылбаевтың 75 жылдық мерейтойына орай көкпардан республикалық ашық турнир басталды. Жарыс жауапты министрлік бекіткен командалық көкпар ережесі бойынша өтіп жатыр.


Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен командалар жиналды. Атап айтқанда, Түркістан, Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласы және Қазығұрт, Меркі аудандарының үздік шабандоздары бас жүлде үшін бақ сынауда.


Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық мәлихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, Әбілхан Дауылбаевтың ағасы, Үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісінің иегері,Жамбыл облысының құрметті азаматы Әмірхан Дауылбаев,Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Қайрат Пазылбеков қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.


Жарыс айналмалы жүйе бойынша өткізіліп, қатысушылар екі топқа бөлініп ойнайды. Бұл бәсеке – ұлттық спортты дәріптеп, өскелең ұрпаққа көкпардың қадір-қасиетін танытуда маңызды рөл атқарып отыр. Шабандоздар жарысқа жоғары дайындықпен келгені байқалады.


Турнирдің алғашқы кездесуінде Түркістан облысының құрамасы Қазығұрт ауданының командасымен шеберлік байқасты. Тартысты өткен ойында түркістандықтар 8:2 есебімен жеңіске жетті.


Дүбірлі дода жеңімпаздары 4 мамыр күні анықталады. Бас жүлдеге тігілген сыйақы көлемі – 5 миллион теңге. Екінші орын иегеріне – 3 миллион, үшінші орынға2 миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы табысталады.


Бұл турнир – көкпар спортын кеңінен насихаттап, ұлттық мұрамызды жаңғыртуға бағытталған айтулы шара ретінде есте қалмақ.

Бөлісу