ТҮРКІСТАН: Көпқабатты арендалық үйлер мәселелері қаралды

0
417

Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жіті қадағалауына алынған.


ТҮРКІСТАН: Көпқабатты арендалық үйлер мәселелері қаралды

Түркістан облысында көпқабатты арендалық үйлер салу және сатып алу мәселелері қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында тұрғындарды баспанамен қамту бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Өткен жылы 900 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріліп, 3 мыңға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болды. Сонымен қатар 55 тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жіті қадағалауына алынған.


Бүгін облыс әкімдігінде арендалық тұрғын үй салу бағытындағы мәселелер талқыланды. Оған жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысты. Өңір басшысы тұрғын үйлерді салуда қатаң тәртіп, жүйе болуы керектігін ескертті.


«Тұрғын үй саласы халқымыз үшін өте өзекті мәселе екенін білесіздер. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жауапкершілікпен атқару керек. Әр аудан, қаланың халық саны, жер ерекшелігі ескеріліп, құрылысы соған сай жүргізілсін. Көпқабатты үйлерді әр ауылға немесе аймаққа шашыратпай, инфрақұрылымын реттеп, бір аумаққа шоғырландыру қажет. Үйлердің сәулеті біркелкі болғаны жөн», – деді Дархан Сатыбалды.


Бүгінде республика бойынша 650 мыңға жуық, ал Түркістан облысын бойынша 60 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің айтуынша, елімізде арендалық үйлерді сатып алу механизмі жасалып, тиісті жоспарлар белгіленген. Аудан, қалаларда арнайы жер телімдері белгіленіп, арендалық үйлер салуға инвесторлар тартылып жатыр.


Сатып алынатын арендалық 1 пәтердің ауданы орташа 60 м2 болып есептелген (84 шаршы метрден аспауы тиіс). Күрделі жөндеуден өткізілген, 2 жылдан аспаған жаңа тұрғын үй, сараптамадан өткізілген, сапалы, жаңа материалдардан салынған болуы қажет.


Жиналыста аудан, қала әкімдеріне осы үйлердің құрылысын дұрыс жоспарлау, инфрақұрылымын назарға алу тапсырмасы жүктелді.