Қылмыстық жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейді.
Бәйдібек ауданының полицейлері «Қызыл кітапқа» енген қызғалдақтарды жұлған ер адамды ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бәйдібек аудандық полиция бөлімі Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің Табиғатты қорғау полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Алмас Серіковпен учаскелік полиция инспекторлары Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылына қарасты жайылымдық алқаптан қолына бірнеше ұстап жүрген ер адамды байқап қалады. Тексеру барысында ол Шымкент қаласының тұрғыны екені анықталған. Ер адамның қолындағы гүлдер Қызыл кітапқа енгізілген болуы мүмкін екенін ескерген тәртіп сақшылары, оны Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жеткізеді. 6 дана қызғалдақ айғақты зат ретінде алынып, сараптама тағайындалған. «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі республикалық мемлекеттік мекемесінің анықтамасына сәйкес, аталған 6 дана гүл ҚР Қызыл кітабына енгізілген «Грейг» қызғалдағы болып шықты.
Қазіргі уақытта осы жайтқа байланыстыҚР ҚК-нің 339-бабының 1-бөлігімен "Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану" сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, Бәйдібек ауданында экологиялық қылмыстардың жолын кесу бойынша жедел-профилактикалық іс-шаралар тұрақты жүргізіліп тұрады. Сондықтан полицейлер Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген кез келген қызғалдақ түрін жұлған, тасымалдаған, жойған, сатқан, сақтаған, әкеткен азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертеді. Сондай-ақ, өсімдіктер әлеміне келтірген шығынын өтейді. Сол себепті автожолдар бойындағы, тау бөктеріндегі қызғалдақтарды жұлудан аулақ болыңыздар.