Географиялық мүмкіндікті пайдаланып Мақтаарал ауданында Өзбекстан Республикасымен сауда-саттықты дамыту үшін халықаралық сауда кешенін құру жоспарлануда.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы көршілес Өзбекстан елімен сауда-саттықты дамыту үшін халықаралық сауда кешені құрылмақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қазіргі таңда Мақтаарал ауданын көрші елмен байланыстырып тұрған 3 шекара өткізу бекеті жұмыс жасайды. Атап айтқанда, «Атамекен» кедендік бекеті мен «Сырдария», «Целинный» шекара өткізу бекеттері арқылы күніне мыңдаған жеңіл көліктері мен жүк көліктері барыс-келіс жасауда. Географиялық мүмкіндікті пайдаланып Мақтаарал ауданында Өзбекстан Республикасымен сауда-саттықты дамыту үшін халықаралық сауда кешенін құруды жоспарлап отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан әкімі Бақыт Асанов мәлімдеді.
«Мақтаарал ауданында Ұлы жібек жолының бір тармағы саналатын М-39 «Ташкент – Термез» бағытындағы магистрал дәлізі бар. Осы автомобиль жолының потенциалын пайдаланып, өңірде сауда-саттықты жоғары деңгейде дамытуға мүмкіндігіміз зор. Мәселен, бір кездері халықаралық деңгейде қызмет көрсеткен бетонканың бойындағы «Сапар» базарын халықаралық деңгейде қайтадан дамытсақ – өңірде мыңдаған адамды жұмыспен қамти аламыз», - деді Бақыт Насырханұлы.
Қазіргі таңда Е.Рахымбердиевке тиесілі "Сапар" базарында модернизациялау жұмыстары жүріп жатыр. Ол үшін кәсіпкердің жеке есебінен 100 миллион теңгеден аса қаражат жұмсалуда. 2019 жылы аяқталатын жоба қосымша 100 адамды жұмыспен қамтитын болады.
Сонымен қатар, «Сапар» базарының аумағында Өзбекстан Республикасымен сауда-саттықты дамыту үшін Қытай Халық Республикасындағы «Хоргос», Қырғызстан Республикасындағы «Дордой» базарлары сияқты сауда кешендерін құру жоспарлануда.
Дереккөз: Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі