ТҮРКІСТАН: Мақтааралда майдангерлер марапатталды

0
2 304

Бүгінде Мақтааралда үш Ұлы Отан соғысының ардагері қалған.


ТҮРКІСТАН: Мақтааралда майдангерлер марапатталды

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің шаңырағында болып мерекемен құттықтады деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бүгінде Мақтааралда көзі тірі үш Ұлы Отан соғысының ардагері қалған. Олардың алды 95 жаста.
Аудан басшысы мен аудандық мәслихат хатшысы мереке қарсаңында қарт майдангерлер мен қанды қырғын жылдарында еңбек майданында тер төккен тыл ардагерлерінің үйін аралап, құрмет көрсетті. Олардың денсаулықтары мен әлеуметтік жағдайларынан хабардар болды. Мерекелік алғыс хаттармен марапаттап, иықтарына шапан жапты, азық-түлік себеттерін тарту етті.

«Әлемдегі бейбіт өмір, тыныш заман сіздердің көзсіз ерліктеріңіздің арқасында келді. Сіздер Отанымызды қорғау жолында бүгінгі және келешек ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталатын ерен ерліктің үлгісін көрсеттіңіздер. Сол үшін де сіздерге үлкен рахмет! Біз сіздердің алдарыңызда мәңгі борыштармыз» деген аудан әкімі Бақыт Насырханұлы майдангерлерді мерекелерімен құттықтады. Батасын алды.

Айта кетейік, мереке аясында Мақтаарал аудандық мәслихатының шешімімен Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 100 АЕК, яғни, 252 500 теңгеден, концлагерде тұтқында болғандарға 10 АЕК (25 200 теңге), тыл ардагерлеріне 5 АЕК (12 600 теңге) мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленіп, демеушілер есебінен түрлі сый-сияпаттар жасалуда.